Сенатор спортшылардың университетке түсу тәртібін жеңілдетуді сұрады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сенатор Мұрат Бақтиярұлы колледжді тәмамдаған спортшылардың жоғары оқу орындарына түсу тәртібін жеңілдетуді сұрады. Осы орайда депутат Парламент Сенатының жалпы отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықованың атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осы депутаттық сауал жолдауымызға еліміздегі өнер және спорт саласындағы колледждерде оқып жүріп, халықаралық деңгейде жоғары жетістікке жеткен түлектер жоғары оқу орындарына түсу барысында кешенді тестілеуден төмен баға алып, мемлекеттік сұраныс бойынша берілген орындарға өте алмаулары негіз болып отыр. Қазақстанның халықаралық беделіне үлкен үлес қосып келе жатқан сала - өнер мен спорт. Бұл екі салаға мамандар дайындаудың өзіндік ерешеліктері бар. Себебі екі салаға да мамандар дайындау мектептен басталады. Өнер және спорт саласындағы арнайы мектептерде 4-ші сыныптан дайындық басталып, олар кейін өз білімдерін орта арнайы оқу орындары - колледждерде, сонан соң жоғары оқу орындарында жалғастырады. Қазақстандағы өнер және спорт саласындағы үздіксіз білім беру жүйесінің қалыптасуының нәтижесінде біліктілігі жоғары мамандар әр түрлі халықаралық байқаулар мен жарыстарда, олимпиадаларда елдің намысын қорғап, жоғары жетістіктерге жетуде», - деп тоқталды сенатор.

Оның сөзіне қарағанда, қазір еліміздегі өнер саласындағы 7 колледжді жыл сайын 600-ден астам түлек, ал спорт саласында маман дайындайтын 5 арнайы коліеджде 200-ге жуық түлек бітіреді. Жыл сайын түлектердің 70 пайызы жоғары оқу орындарына құжат тапсырады.

«Алайда соңғы жылдары колледж түлектерінің жоғары білім алуына белгілі бір кедергілер туындауда. Өнер және спорт саласындағы колледждерде оқып жүріп, халықаралық деңгейде жоғары жетістікке жеткен түлектер жоғары оқу орындарына түсу барысында кешенді тестілеуден төмен баға алып, мемлекеттік сұраныс бойынша берілген орындарға өте алмай қалады. Атап айтқанда, 2018 жылы "дене шынықтыру және спорт" мамандығына бөлінген 450 грантқа 2 353 өтініш берілді. Өтініш бергендердің ішінде 1222 спортшы болып, байқау қорытындысы бойынша олардың тек 107-сі ғана білім грантын алды. Нәтижесінде, жүздеген спортшылар, яни әртүрлі жарыстардың чемпиондары мен жүлдегерлері, халықаралық дәрежедегі 11 спорт шебері, 50 спорт шебері және 300-ден астам спорт шеберіне үміткер мемлекеттік гранттан тыс қалды», - деді М. Бақтиярұлы.

Депутаттың айтуынша, олардың қатарында Қазақстанның алдыңғы қатарлы спортшылары бар.

«Құрметті Гүлшара Наушақызы, жоғарыда аталғандарды негізге ала отырып арнайы колледждердің түлектерін өнер мен спорт саласындағы жеткен табыстарына сәйкес, кешенді тестілеуден босатудың тетіктерін қарастыруыңызды сұраймыз», - деді сенатор.

Соңғы жаңалықтар