Сенатор «Сарыағаш» шипажайын жекешелендіруге қарсы шықты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекетке салықтарды дер кезінде төлеп, қарапайым халыққа қызмет етіп жатқан кәсіпорындарды жекешелендірудің  қажеті жоқ.

Бұл жайында ҚР Парламенті Сенатының дептутаты Әли Бектаевтың Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың атына жолдаған депутаттық сауалында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Сенатордың айтуынша «Сарыағаш» шипажайының ұжымы шипажайды 2018 жылы енгізілген жекешелендіру тізімінен шығаруды өтініп депутатқа хат жолдаған.

«Уақытында Қазақстанның Кәсіподақтар ұйымына қараған атақты емдеу орталығы 2013 жылдан бері коммуналдық меншік иелігінде. Бұрын да, кейінгі уақыттарда да «Сарыағаш»  шипажайы өзін-өзі толық қаржыландырып,  мемлекетке тиісті салықтарын төлеп, тапқан табысқа жаңа ғимараттар салып, тиісті емдеу құрылғыларын алып, халыққа қызмет етіп келе жатқан бірден-бір емдеу-сауықтыру мекемесі. Мемлекет есебінен қаржы сұрап отырған жоқ. Тек 2017 жылдың қорытындысы бойынша 1,5 млрд теңгенің қызметі көрсетілген. 108 млн теңгеден астам салық төленген. Демалушылар тарабынан шипажай тарабына арыз-шағымдар түскен емес», - деді ол.

Оның дерегінше, тек 2017 жылы ғана 20 мыңнан астам адам «Сарыағаш» шипажайында демалып, ем алған.

«Біздің ойымызша, қаржылық жағдайына, әлеуметтік мәртебесіне қарамай кәсіпорындар мен мекемелердің барлығын жекешелендіре беру өзіндік мақсат болмауы керек. «Сарыағаш» сияқты өзін өзі қаржыландырып, мемлекетке салықтарды дер кезінде төлеп, қарапайым халыққа қызмет етіп жатқан кәсіпорындарды жекешелендірудің  қажеті жоқ деп есептейміз. Осыны ескере отырып, «Сарыағаш» шипажайын жекешелендіру тізіміне шығару жөніндегі ұжымның  өтінішіне байланысты тиісті шараларды қабылдауды өтінемін», - деді Әли Бектаев.

Соңғы жаңалықтар