Сенатор Мұрат Бақтиярұлы: Жаңадан мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы мемлекеттік тіл – қазақ тілінің мәселесін көтеріп, Үкімет басшысына сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақ жерін мекендеп отырған барлық диаспораның тілдерін дамыту тұрғысында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Барлық азаматтың тіл ерекшелігін ескеретін либералды заңдарымыз жемісін берді деп санаймыз. Соңғы ширек ғасырдың ішінде мемлекеттік тілдің демографиялық, тілтанымдық, әлеуметтік-психологиялық, ақпараттық қолдау базалары жасақталған. Алғашқы кезеңі табысты аяқталды деуге болады», - деді ол Парламент Сенатының отырысында.

Сенатордың айтуына қарағанда, осы депутаттық сауал арқылы ел мен ұлт болашағы үшін стратегиялық маңызды саналатын мемлекеттік тіл саясатында қордаланған мәселелерге Үкіметтің назарын аудару көзделген.

«Осы арада мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру – өзге тілдердің жолын кесіп, оларды төмендету емес, керісінше кезінде зорлықпен тұншықтырылған қазақ халқының мемлекеттік тілін одан ары бекемдеу. Айта кетуіміз керек, кеңестік одақтың құрамында болған Өзбекстан, Грузия, Армения, Әзербайжан Ресей де кеңес үкіметі кезінде қабылданған заңдарын өзгертіп, өз мемлекеттік тілдеріне басымдық беріп отыр. Балтық жағалауы елдері тәуелсіздік алғалы бері мемлекеттік тіл туралы заңдарына үш рет өзгерістер енгізді. Ал Қазақстан Республикасының тіл туралы заңы негізінен кеңес үкімет кезінде қабылданғаны ешкімге жаңалық емес», - деді сенатор.

Мұрат Бақтиярұлының сөзінше, бұл заң елдегі әлдеқашан өзгерген жағдай толық жауап бере алмай отыр.

«Қазір қоғам да, адами құндылықтар да өзгерді. Ой мен сана, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптар жаңаруда. Дүниеге еркін әрі ұлттық рухы басым, отаншыл ұрпақ келіп жатыр. Бүгінгі қалыптасқан демографиялық және миграциялық үрдістерді, ұлттық сана-сезімнің өскенін ескерсек, алдағы уақытта ендігі ұрпақ қазақ тілінің мемлекеттік қолданыс аясын тез арада кеңейтуді талап етуі – заңдылық. Осы бір жағдайды айта отырып, мемлекеттік тілдің заңнамалық және нормативтік базасының жаңартатын уақыт жеткенін алға тартамыз. Мемлекетте ана тіліне деген жанашырлық пен мұқтаждық болмайынша, тілге деген бетбұрыс болмайды. Сондықтан, мемлекеттік тілді білу және қолдау – Қазақстан азаматтары үшін міндетті болуы тиіс. Мемлекеттік тілді білу – парыз емес, міндет деп көрсетіле отырып, енді инструменталды заңдарға көшу керек. Яғни, заңдарда егжей-тегжейлі толық жазылып, регламенттелуі тиіс», - деді ол.

Сенатордың айтуынша, мысалы мемлекеттік тілді білу – Қазақстан Республикасының барлық азаматы үшін міндетті, бірақ, әр сала үшін оның деңгейлерінің әртүрлі болуын міндеттейтін нормативтік база жасау қажет.

«Сонымен қатар, орта білім беру жүйесінде шет тілдерді оқыту – бастауыш мектептің соңында бастау, қазақ тілінің интернет-кеңістігіндегі контентін көбейту, сапасын арттыру, оның ішінде қазақ тілінің корпусын жасау жұмыстарына қаражат бөлу, дипломатияның барлық түрінде мемлекеттік тілге тиісті құрмет көрсетілуін қамтамасыз ету. Осы жағдайда ғана тіл саясатындағы әсіре кемшілік жойылып, оның орнына мемлекеттік тілді үйреніп, білуге деген ынта арта түседі. Мемлекеттік тілге деген қажеттіліктің нақты заңнамалық негізі қаланады. Бұл өзгеріске қоғам да дайын деп есептейміз», - деді ол.

Оның айтуынша, тілді заңнамалардың талаптарын күшейту арқылы қажеттілік туғыза отырып, жаңадан мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау керек.

«Бұл заң жобасына Парламент депутаттары бастамашылық жасауға дайын. Сондықтан, ендігі арада Үкімет мемлекет тіл саясатын жүргізуде нақты іске көшу керек деп санаймыз», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар