Сенатор медбике мен санитардың жалақысын екі есеге көтеруді ұсынды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Сенатының жалпы отырысында депутат Әли Бектаев тәрбиешілердің, медбикелердің, санитарлардың еңбекақысын көтеру мәселесіне қатысты сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінгі таңда халықты әлеуметтік қорғау саласына қарасты медициналық-әлеуметтік мекемелерде 8 434, білім беру саласындағы арнайы интернаттарда - 6 050, денсаулық сақтау мекемелерінде  194 089 орта және кіші сатыдағы қызметшілер жұмыс істейді. Олардың көпшілігі негізінен ауыр науқастармен, мүмкіндігі шектеулі жандармен, жүйке ауруына, психоневрологиялық аурулардың ауыр түріне шалдыққан жандармен, жалғызбасты қарттармен және мүмкіндігі шектеулі балалармен айналысып, оларға медициналық әрі санитарлық қызметтер көрсетеді. Еліміздегі медициналық-әлеуметтік мекемелердегі ең ауыр және лас жұмыстарды осы қызметшілер атқарады десек қателеспеген болар едік. Өкінішке қарай, осы салада күндіз-түні жұмыс істеп жүрген мамандардың, нақты айтқанда, тәрбиешілердің, медбикелердің, фельдшерлердің, санитарлардың, сондай-ақ басқа да тазалықты қамтамасыз етіп жүрген техникалық жұмыскерлердің бүгінгі таңда алатын жалақысы өте төмен», - деді сенатор ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың атына жолдаған сауалында.

Оның сөзіне қарағанда, әлеуметтік қолдау саласына қарасты медициналық-әлеуметтік мекемелердегі жалғызбасты қарттармен жұмыс істейтін жоғары білімді медбикелер 59 232 теңге жалақы алады, ал орта білімі бар медбикелерге 49 300 теңге айлық төленеді. 18 жастан асқан психоневрологиялық ауруламен жұмыс істейтін медбикелердің жалақысы 61 000 теңге, төртінші дәрежедегі санитардың еңбекақысы 45 000 мың теңгені құрап отыр.

Бұдан бөлек, білім беру саласының қарамағындағы арнайы әлеуметтік интернаттарда мүмкіндігі шектеулі балаларға қызмет жасайтын категориясы жоқ мұғалімдер мен дәрігерлерге 56 170 теңге, санитарлар мен техникалық қызметшілерге 55 533 теңгенің көлемінде жалақы белгіленген.

Сонымен қатар, денсаулық сақтау мекемелерінде қызмет ететін медбикелер қызет өтіліне қарай 43 900 теңгеден 72 700 теңгеге дейін, ал санитарлар 50 000 теңгеге дейін жалақы алады.

«Көрсетілген жалақы мөлшері ресми түрде бекітілген штаттық кестеге сәйкес қойылған еңбекақы болып есептеледі. Одан табыс салығы, әлеуметтік салық сияқты түрлі заңды төлемдерді алып тастаса, қызметшілердің қолына тиетін нақты қаржы мөлшері әлдеқайда төмен болатындығы белгілі. Оның үстіне жалақысы төмен қызметшілердің арасында кадр алмасу өте жоғары, істеп жатқан орта және кіші буын мамандарының көпшілігінің білімі орта, категориясы жоқ, еңбек өтілі аз. Бүгінгі таңда аталмыш әлеуметтік және медициналық қызметкерлердің 50 пайызының еңбек өтілі бір-екі жылды ғана құрайды. Кадр ауысудың жиілігіне байланысты орта және кіші сатыдағы қызметкерлердің орташа жалақасы әр өңірде әртүрлі»,-деп тоқталды сенатор.

Осы орайда ол бұл қызметшілердің жұмыста тұрақтамауының негізгі себебі төмен жалақы мен жұмыстың ауырлығына байланысты.

«Сондықтан да еліміздегі барлық медициналық-әлеуметтік мекемелердегі орта және кіші буын қызметкерлеріне жалақы тағайындау тәртібін түбегейлі қайта қарау керек. Олардың біліміне, дәрежесіне емес, атқаратын жұмысының күрделігі мен ауырлығына әрі ерекшелігіне қарай еңбекақы тағайындауға тиіс деп есептеміз. Осының барлығын ескере отырып, әлеуметтік қорғау, білім беру, денсаулық сақтау мекемелеріндегі орта және кіші буын мамандары мен қызметшілердің еңбекақысын кемінде екі есеге көтеру қажет деп санаймыз. Осы салаларда еңбек етіп, бар тауқыметті көтеріп жүрген 200 мыңнан астам орта және кіші буын қызметшілердің жалақасына тағы да 50 мың теңгеден қосылғанда, шамамен 10 млрд теңгенің көлемінде қаражат қажет. Бұған мемлекетіміздің саясаты да тура келеді, мүмкіндігі де жетеді. Себебі сол қызметшілердің басым бөлігі қыз-келіншектер мен аналар»,-деп түйіндеді сөзін Әли Бектаев. 

Соңғы жаңалықтар