Сенатор малы ұрланған тұрғындардың қанша зиян шегетінін есептеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сенаттың жалпы отырысында депутат Владимир Волков ел амуғында ұрлық қылмыстарына тосқауыл қоюдың қосымша шараларын қабылдауды сұрады. Осы орайда сенатор Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына тиісті депутаттық сауалды жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Пәтер тонау, қалта ұрлығы, көлік пен бөлшектерді, түрлі-түсті металдар мен мал ұрлау, ұялы телефондарды жымқыру секілді әрекеттер қылмыскерлер арасында кеңінен таралған. Бас прокуратураның мәліметіне сүйенсек, биылғы 8 айда елімізде 202 мың қылмыс пен қылмыстық әрекеттер тіркелді. Оның ішінде тек ұрлықтың өзі 120 мыңға жетіп отыр. Бұл тіркелген барлық қылмыстардың 60 пайызға жуығын қамтуда», - деп тоқталды депутат.

Оның сөзіне қарағанда, ел халқын пәтердегі мүлікті ұрлау жағдайы ерекше алаңдатып отыр. 2018 жылы пәтерге ұрлыққа түсуге қатысты 23 мың факті анықталды.

«Биыл 3 мың 468 мал ұрлығы болған. Әрбір ұрлықтан келтірілген залал көлемі орташа есеппен 200-300 мың теңгені құрайды. Ауыл тұрғыны үшін жылқысыз, ірі қара малсыз немесе түйесіз қалу қандай қиындықтар тудыратынын жақсы түсінесіздер», - деп тоқталды сенатор.

В. Волковтың атап өтуінше, ағымдағы жылдың 8 айында 434 автокөлік ұрлығы және автобөлшек ұрлаудың  5 637 фактісі тіркелді. Сонымен бірге, әрбір екінші көлік табылмайтын көрінеді.

Белгілі болғандай, биыл 26 771 ұялы телефон ұрланған. Оның тек үштен бір бөлігі ғана табылады екен.

«Бұл тұрғыда ұрлықпен күрес бойынша қосымша заңнамалық, ұйымдастырушылық, профилактикалық, түсіндіру және басқа да шараларды қабылдауды сұраймын», - деді В. Волков Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында.

Соңғы жаңалықтар