Сенатор қосымша білім беру туралы айтты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Сенатының депутаты, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Айтпаева Петропавлда балаларға қосымша білім беру жүйесін сақтау және дамыту мәселелері жөніндегі тиімді үнқатысудың ашық алаңында болған құрылымдық сұхбатқа қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Республика бойынша қосымша білім алатын балалардың жалпы саны 82,8% (2 639 074 адам) болып отыр. 1303 мектептен тыс ұйымдар мен мектептерде 63 мыңнан астам үйірме жұмыс істеп келеді. 70 мыңға жуық ұстаз мектептен тыс мекемелерде (мектептен тыс ұйымдарда 19 мыңнан астам және мектептерде 50 мыңнан астам педагог) қызмет атқарады.

Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауын орындау мақсатында 2018 жылы аймақтарда қосымша білім беретін түрлі ұйымдардың негізінде 60 мыңнан астам оқушыны қамтып отырған 17 технопарк пен 16 бизнес-инкубаторлар құрылды. Бұл мақсатта 2,4 млрд теңге бөлінген болатын. 2019 жылы 120 мың оқушыны қамтитын еліміздің барлық өңірлерінде 25 балалар технопаркі мен 18 бизнес-инкубатор қызмет көрсететін болады.

Республикада балаларға қосымша білім беру жөніндегі қажетті заңнамалық және нормативтік құқықтық база құрылды. 2019 жылдың ақпан айында Қазақстан Республикасында балаларға қосымша білім беруді дамытудың тұжырымдамалық тәсілдері, балалар музыка, көркемөнер және өнер мектептеріне арналған 85 білім беру бағдарламасы бекітілді.

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл С.Айтпаевамен бірге шараға білім және ғылым министрлігінің, Балаларға қосымша білім беру жөніндегі Еуразиялық қауымдастықтың, жергілікті атқарушы органдардың, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, «Нұр Отан» партиясының, ЮНЕСКО-ның Қазақстандағы кластерлік бюросының өкілдері, мектеп және мектептен тыс ұйымдар мен үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, ата-аналар қауымы қатысты.

Құрылымданған үнқатысу жұмыстарының барысында балаларды оқытуға қазіргі заманғы мультимедиялық және цифрлық технологияларды қолдану жайы сараланды. Сондай-ақ, техника мен бизнес бағыттарына инновациялық моделдер енгізу, жалпы орта және қосымша білім беруді кіріктірудің түрлі сипаттары, STEM білімін дамыту және тағы басқа мәселелер талқыланды.

Форум аясында Петропавл қаласындағы Оқушылар сарайы таныстырылды және Win-win стратегиясын, ерекше білім алу қажеттіліктеріне мұқтаж балаларды оқытудағы инновациялар, мектепке дейінгі жастағы балаларға арналған робототехника, сурет өнерінде IT-технологияларды қолдану бойынша 10 шеберлік сыныбы өткізілді.

Сенатор С.Айтпаева балаларға қосымша білім берудегі келешек басым бағыттарды анықтайтын қорытынды ұсынымдарды беруге белсенді қатысты.

Соңғы жаңалықтар