Сенатор Көкшетау маңындағы «Нұрлы көш» тұрғындарының проблемасын айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Көкшетау қаласы Красный Яр ауылдық округіндегі «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша үйлер сапасыз салынған. Бұл туралы сенатор Мұрат Бақтиярұлы Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына жолдаған депутаттық сауалында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Депутаттың сауал жолдауына Көкшетау қаласы Красный Яр ауылдық округіндегі «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша қыс айларында мүлдем тұруға жарамсыз, сапасыз салынған үйлердің тұрғындарының шағымдары мен осы мәселеге қатысты Дүниежүзілік қазақтардың қауымдастығынан комитеттің атына келіп түскен хаты негіз болған.

Сенатордың айтуынша, Красный Яр ауылдық округіне қарасты «Нұрлы көш» тұрғындарының мұң-мұқтажын есту үшін бір топ сенатор онда биылғы 14 қарашада арнайы сапармен барып қайтқан.

«Үкімет 2009 жылы «Нұрлы көш» бағдарламасын іске асыру мақсатында тұрғын үйлер салу үшін республикалық бюджеттен 1 млрд 200 млн теңге, яғни әрбір екі пәтерлі үйге сол кездегі доллар бағамымен 59 мың доллар бөлді. Осы қаражатқа 2010 жылы Красный Яр ауылдық округінде 276 отбасы үшін 138 екі пәтерлі тұрғын үй салынып, шетелдерден көшіп келген қандастарымызға пайдалануға берілген. Кешендегі үйлердің қабырғалары жоғарыда айтылған қомақты қаржы бөліне тұра солтүстіктің 40 градус қысына мүлдем шыдас бермейтін гипсокартон, пеноплекс, панельден, пескоблоктан салынған», - деді депутат Сенаттың жалпы отырысында.

Оның сөзіне қарағанда, үйлердің қабырғалары өте жұқа, арасы қуыс. Тұрғындар қыста тоңып, үйлері суық болғандықтан туыстарының үйінде тұруға мәжбүр, көбісі әртүрлі аурумен ауырады. Үйлерді қалпына келтіру үшін тұрғындар өз қаражатынан жылда жөндеу жұмыстарын жасайды екен. Соңғы уақытта кейбір үйлердің төбесі құлап, жөндеу жұмыстарын жасауға мүмкіндіктерінің жоқтығы анықталды. Үйлердің көбісі дерлік апаттық жағдайда.

«Бастапқыда 276 отбасы «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен әр айға 7 мың теңге жалға алу қаражатын төлейтін болып келісімшартқа отырған. «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы банкрот болып, одан кейін «Көкшетау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлім» мекемесінің балансына бекітіліп, мекеме тұрғындармен жалға алу келісімшартына отырғаны белгілі болды. Кешендегі тұрғын үйдің орташа құны 3 миллион 200 мың теңге болып есептелген. Жергілікті әкімшілік пен тұрғындарының арасында тұрғын үйді сатып алу шарты ретінде, банктен несие алып, ай сайын 25 мың теңге көлемінде несие төлеп және 7 мың теңге жалға алу қаражатын төлеп тұру келісімі де жасалған. Бірақ, тұрғындардың көпшілігі үйлерінің апаттық жағдайда болуына байланысты және әлеуметтік жағынан әлсіз топтар қатарына жатқандықтан, төлемнен бас тартқан. «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ мәліметіне сәйкес, осы кезде тұрғындардың берешегі 32 млн теңгені құраған», - деді М. Бақтиярұлы.

Сонымен қатар депутат осы уақытқа дейін олардың тұрғын үйлерін жер учаскелерімен бірге тұрғындардың меншігіне берудің жолдары қарастырылмағанын айтты.

«Сондықтан кешендегі тұрғын үйлердің бүгінгі күнгі нақты бағасын анықтау мақсатында Жылжымайтын мүлікті бағалайтын арнайы комиссия құрып, апаттық жағдайдағы тұрғын үйлерге жөндеу жұмыстарын жасауға мүмкін емес үйлердің тұрғындарына жер учаскелерімен бірге жекеменшіктеріне беру жолдарын қарастыру керек. Сонда ғана бұл мәселе толыққанды шешімін таппақ», - деді сенатор.

Соңғы жаңалықтар