Сенатор «Қаламқас» кен орнындағы мәселені көтерді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сенат депутаты Төлеубек Мұқашев «Қаламқас» кен орнындағы жағдай туралы мәселе көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Депутат Маңғыстау облысындағы «Қаламқас» кен орнындағы 8237 ұңғыда газ бен судың бірнеше мәрте жойқын атқылауынан кейін өрт болғандығын айта келіп, Премьер-Министр Асқар Маминнің атына сауал жолдады.

«Бұл жағдай «Қаламқас» кен орнында мұнай барлаумен және өндірумен айналысатын компаниялардың ғана емес, сондай-ақ жер қойнауын пайдалану, өрттен және өнеркәсіп қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен іске асыру мәселелері заң жүзінде жүктелген мемлекеттік органдардың олқылықтарына байланысты орын алды деп ойлаймын. Оның үстіне, биылғы жылғы 13 наурызда орын алған апатты оқшаулауға қажетті уақытты жіберіп алып, апатты жоюға қажетті күштер мен құралдардың әлеуеті пайдаланылмады, ұңғыда өрт шыққаннан кейін ғана мәселеге назар аударыды», - деп атап өтті Төлеубек Мұқашев.

Сондай-ақ, Төлеубек Мұқашев мемлекеттік және жеке өрт сөндіру күштерінің осындай апатты жоюға қажетті ешқандай құралдары мен мүмкіндіктері жоқ екенін жеткізді.

«Жоғарыда айтылған жағдай қауіпті өндіріс объектілеріндегі жазатайым оқиғалар мен жағдаяттардан туындайтын қауіпті өндірістік көріністердің зиянды әсерлерін болдырмауға арналған өнеркәсіп қауіпсіздігі саласындағы тиісті мемлекеттік қадағалау жүргізілмегенін көрсетті. Оған қоса, негізгі қызметі осындай деңгейдегі өртті жоя алатын, республиканың барлық өнеркәсіпті аймақтарында жұмыс істейтін әрі 13 филиалы бар еліміздегі жалғыз мемлекеттік кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі 2018 жылы жекешеленіп кетті»,- деді ол.

Осындай мәселелерді көтерген сенатор аталған жағдайларға жол бермеу үшін Үкімет болашақта қандай шаралар қабылдауды жоспарлап отыр? Еліміздегі кәсіби апатта құтқару қызметтері мен төтенше жағдайларды және олардың зардаптарын жою жөніндегі бөлімшелердің республикадағы барлық қауіпті өндіріс нысандарына қызмет көрсету жағдайы қандай? деген сияқты сауалдар түйдегін Үкімет басшысы атына жолдады.

Айта кетейік, 13 наурызда Маңғыстау ауданындағы «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ-ның «Қаламқас» мұнай-газ кен орнында «Си Бу» инженерлік бұрғылау компаниясы» ЖШС №8237 ұңғымасын бұрғылау барысында газ-су қоспасы атқылады. Ал 25 наурыз күні сағат 07:10-да Маңғыстау облыстық ТЖД кезекші-диспетчерлік қызметіне «Қаламқас» кен орнындағы ұңғымадан шыққан газ жанып, биікті 10 метрге дейін жалын атқылап тұрғандығы хабарланды.

Бүгін ҚР Энергетика министрлігі кен орнындағы өрттің толығымен сөндірілгенін мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар