Сенатор Қ.Айтаханұлы мал ұрлаушыларды қатаң жазалап, мүлкін тәркілеуді ұсынады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мал ұрлығына қатысты жазаны ауырлатып, ондай қылмыскердің мүлкін тәркілеу керек. Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында Қылмыстық кодекс жобасын талқылау барысында сенатор Қуаныш Айтаханұлы осындай ұсыныс айтты.

Талқылау барысында сөз сөйлеген сенатор бүгінгі күні еліміздегі республика жұртшылығының 45 пайызы ауылда тұратынын, ал олардың басым бөлігінің табыс көзі - мал шаруашылығы. «Алайда, елімізде барған сайын мал ұрлығы өрши түсуде. Жыл он екі ай бойы күтіп-бағып, сол арқылы күнін көріп отырған малынан бір күнде айырылып қалу - ауыл тұрғындары үшін үлкен қасірет. Ал қолданыстағы тәжірибеде мал ұрлығы орта санаттағы қылмысқа жатқызылғандықтан, қылмыскерлер көбінесе шартты түрде сотталады да, жәбірленушіге келтірілген материалдық шығын қайтарымсыз қалып жатыр», - деді депутат Қуаныш Айтаханұлы. Оның айтуынша, мал ұрлығымен айналысатын қылмыскерлер қазір жазадан оңай құтылады, сосын қайтадан «кәсібіне» кіріседі. Бір сөзбен айтқанда, ауылды жерлерде мал ұрлығы тыйылмай отыр. «Осыған байланысты, жаңа Қылмыстық кодекстің ұрлыққа қатысты 188-бабындағы жазаны ауырлатып, жәбірленушіге келтірілген материалдық шығынды еселеп қайтару үшін айыппұл мөлшерін арттырып, олардың мүлкін тәркілеу керек деп есептеймін», - деді Қуаныш Айтаханұлы.

Соңғы жаңалықтар