Сенатор Ерғалиев жаңа үкімет емдік шөптер мәселесін қаперге алатынына үмітті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сенатор Жабал Ерғалиевтың айтуынша, бұған дейін ол емдік шөптерді сақтау мәселесін көтерген.

Алайда бұрынғы үкімет оның бұл ұсынысын қаперге ілмеген, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Осыдан екі жыл бұрын Сенаттың пленарлық мәжілісінде Қазақстанның өсімдік әлемін қорғау туралы заң қажеттігін қозғаған болатынмын. Сол кездегі үкімет бұл мәселені қабылдай қоймады. Алайда алаңдатарлық жағдайдың бар екеніне тағы бір мәрте назар аударғым келеді. Біздің ғалымдарымыздың қазіргі мәліметтері бойынша Қазақстанда өте сирек кездесетін, болмаса, жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрған 387 өсімдік түрлері Қызыл кітапқа енгізілген. Бізде жиі орын ала бастаған орман және далалы аймақ өртінің кесірінен және дәрілік-емдік өсімдік түрлеріне деген әлемдік нарықтағы сұраныстың жыл сайын күрт өсе түсуіне орай, алдағы уақытта жойылып кетер өсімдік түрлері көбеймесе де, азаймайтыны анық", - деді Ж.Ерғалиев Парламент Сенатында Қазақстанның биоалуандылығын сақтау мәселесіне арналған қоғамдық тыңдауларда.

Оның айтуынша, соңғы жылдары Қазақстан аумағынан аса бағалы дәрілік өсімдіктер мен шөптерді жинау және оларды шет елдерге шығару бақылаусыз кетіп жатыр. Кеден органдарының мәліметіне сәйкес, 2011 жылы Қазақстаннан тыс жерлерге бір ғана мия тамырының 4 220 тоннасы, 2012 жылы 17 121 тоннасы, ал 2013 жылдың алты айында ғана 9 332 тоннасы экспортқа шығарылған.

"Бүгінде Қытай, Иран, Ауғанстан мен Өзбекстан жерлерінде мия тамырының қоры азайып кеткеннен кейін қазір оны тек Қазақстанның аумағынан ғана жинап жатыр. Сондықтан Қазақстанның өсімдік әлемін қорғау туралы заңын қабылдаудың маңызы туды деп есептейміз. Алдағы уақытта үкіметтің осы мәселеге мән беруін қалаймын ", - дейді Ж.Ерғалиев.

Осы бастамаға сенатор Мұратбай Жолдасбаев та қосылды. Оның сөзіне қарағанда, бүгінде Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл мен Алматы облыстарында жылда тамыз айында мия тамырын жаппай теру жұмыстары басталып отырады. Заңсыз кәсіппен жасы да, кәрісі де айналысады. Сөйтіп, мия тамырын тонналап Қытайға сатып жібереді. Сол жерде оны медициналық мақсаттарда пайдаланады.

Сенаторларға жауап берген ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев мемлекеттік орман қорына кіретін жерлерде ондай заңсыздықтардың байқалмайтынын жеткізді. Ал одан тыс жерлерде мия тамырын заңсыз теру жұмыстары қызу жүреді. Алдағы уақытта өсімдіктер мен жануарлар әлеміне арналған заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, мемлекеттік қордан тыс жерлерде емдік шөптерді теру жұмыстарын ретке келтіру жоспарланған. Сондай-ақ аталған шикізатты шетелге шығарғаны үшін жауапкершілік күшейтілмек.

Соңғы жаңалықтар