Сенатор Елбасы мақаласы туралы: Үндеуде маңызды құндылықтар айтылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сенатор Әлімжан Құртаев Елбасының «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласына орай өз пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Халқымызда «Көргені жақсы көш бастайды» деген қанатты сөз бар. Қазақ көшін 30 жылдан астам уақыт бойы бастап келе жатқан ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бүгінгі үндеуі халқымызды бірлік пен ынтымаққа шақырады. Төтеннен келген нәубетпен күресуде Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметтің және жергілікті атқарушы органдардың қойып отырған қатаң талаптарын сақтауға үндейді. Қытай елі қатаң тәртіптің арқасында бұл індетті ауыздықтады. Елбасы үндеуінде аға-ұрпақ өкілдеріне сөз арнап, оларды елді бір болуға, ынтымақты болуға, игілікті істердің басында тұруға, салауатты өмір салтын ұстауға шақырды. Елбасы жас ұрпақ өкілдеріне арнаған сөзінде «Еліміздің болашағы сіздерсіздер, бүгінгі жас ұрпақ егемендігіміздің құрдастары, аға ұрпақ өкілдері сіздер үшін қолынан келгеннің барлығын жасады, енді кезек сіздерде деп сенім артты», - деді Ә. Құртаев.

Оның айтуынша, кезінде Елбасының бастамасымен құрылған түрлі бағдарламалардың негізінде өз ісін дөңгелеткен кәсіпкерлердің осындай қиын сәттерде елге пайдасын тигізетін уақыт келді.

«Елбасы кәсіпкерлерге сөз арнады. Тәуелсіздік алғалы Елбасының бастамасымен қолға алынған «Қазақстан - 2050» бағдарламасының ішіндегі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының арқасында елімізде 1 мыңнан аса кәсіпорындар ашылды. Көп кәсіпкерлер бүгінгі күні аяғынан тұрды, енді олар мен еліме не беремін деген уақыт келді деді. Өз кезегінде кәсіпкерлер де Елбасының бастамасымен құрылған «Біз біргеміз» қорына БАҚ мәліметі бойынша 14 млрд теңгеден астам қаржы құйды. Бұл игі іс әрі қарай жалғасын табады деп сеніп отырмыз», - деді ол.

Сондай-ақ, сенатор Президент пен Үкімет қабылдаған шұғыл шаралар уақытында жүзеге асып, кез келген қиындықты еңсеретінімізге сенім артты.

«Қиын кезде белді бекем буып, ынтымақ, бірлікті берік ұстап Президенттің, Үкіметтің талаптарын орындасақ, бұл қиындықтан да шығамыз. Өйткені, Елбасымыз Қазақстанды мәңгілік ел болуға бастайтын басты бағыттарды айтып берді», - деді депутат.

Айта кетейік, бүгін ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Egemen Qazaqstan газетінде мақаласы жарияланды.


Фото: egemen.kz



Соңғы жаңалықтар