Сенатор докторантурада оқудың талаптарын өзгертуді сұрады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Сенатының жалпы отырысында сенатор Динар Нөкетаева ғалымдардың өтініші бойынша ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевқа депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біздің депутаттық сауалымызға қазақстандық ғалымдармен кездесулер және олардың өтініштерін талдау нәтижелері негіз болып отыр. Жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларына жүргізілген талдау нәтижесінде, докторантураға кемінде 3 жыл еңбек өтілі бар үміткерлер қабылданатыны туралы талап ЖОО-дан кейінгі білімнің халықаралық талаптарына сәйкес келмейтініне назар аударылды. PhD докторантураға түсуге үміткерлердің еңбек өтілінің міндетті болу талабы ықтимал үміткерлердің еңбек жолын университеттен басқа жерде бастауға мәжбүр етеді. Нәтижесінде, олардың көбісі докторантура базасында оқуды жалғастыруға қызығушылығын жоғалтады. Олардың кейбір бөлігі аталғандай шектеулері жоқ шет елдердің жоғары оқу орындарына докторантураға түсуге мәжбүр болады. Осы орайда еліміздің дарынды жастарынан айырылып қалу қаупі туындайды», - деді Нөкетаева.

Оның пайымынша, үміткерлердің теориялық білім деңгейлері үш жылдық үзілістен кейін магистратурадағы оқуын бітірген кезбен салыстырғанда әлдеқайда төмен болады. Оны Мемлекеттік аттестациялық комиссиялардың басшылары докторанттарды қорытынды мемлекеттік аттестациялау нәтижелері және олардың диссертацияларын қорғағандары бойынша растайды.

«ЮНЕСКО қабылдаған қолданыстағы Білім берудің халықаралық стандарттық жіктеліміне сәйкес, доктарантура білім алудың жалпы үздіксіз процесінің тікелей бөлігі болып табылады. Бұл стандардта доктарантураға түсудің негізгі талабы - алдыңғы білім беру деңгейін (магистратураны) игеру болып айқындалған, сондай-ақ білім беру процесін үзуге, ажыратуға әкелетін ешқандай жасанды шектеулер қарастырылмаған», - деп түсіндірді сенатор.

Бұл тұрғыда оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларының «Докторантураға кемінде 3 жыл еңбек өтілі және «магистр» дәрежесі бар немесе медицина мамандықтары бойынша резидентурада оқуын бітірген адамдар қабылданады» деген 11-тармағында кемінде 3 жыл еңбек өтілі туралы талапты алып тастау ұсынылды.

Соңғы жаңалықтар