Сенатор браконьерлердің көлігін тәркілеп инспекторларға беруді ұсынды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Сенатының жалпы отырысында депутат Мұхтар Жұмағазиев браконьерлер көліктерін тәркілеп, оларды табиғат қорғау инспекторларына беруді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қаңтар айында Қарағанды облысының Нұра ауданында «Охотзоопром» БП» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының инспекторы Ерлан Нұрғалиевтың қызмет бабында браконьерлердің қолынан қаза тауып, инспектор Петр Ницыктың ауыр жарақат алуы жұртшылықтың наразылығын және ашу-ызасын туғызды. Бұл оқиға ҚР Парламент депутаттарының арасында да үлкен талқыға түсті. Парламент Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшелері қанды оқиғаның орын алу себебін жан-жақты талдай отырып, мынадай қорытындыға келді: бірінші, елімізде жануарлар дүниесін қорғау саласында қордаланған түйінді мәселелерді шешу жолында батыл қадамдар жасау. Соның ішінде Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінен осы орайдағы уәкілеттіктерін толыққанды атқаруын талап ету», - деп тоқталды сенатор Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына жолдаған депутаттық сауалында.

Екіншіден, мемлекет аумағында сирек кездесетін және жоғалып кету қаупі бар аң-құс түрлерін сақтау және олардың санын көбейту үшін қолданыстағы тиісті заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігі айтылды.

«Бүгінгі таңда жануарлар дүниесін қорғайтын өкілетті органдардың материалдық-техникалық жағдайы ешқандай сын көтермейді. Оның үстіне елдің шетінде, желдің өтінде жүрген инспектордың орташа айлық еңбекақысы шамамен 60-70 мың теңге. Әрбір инспекторға шаққанда жүктеме 2 есе артық. Осының салдарынан қару мен байланыс құралдарының жаңа үлгілерімен жарақтанған браконьерлер алдында өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қорғайтын сақшыларымыз материалдық және техникалық жағынан дәрменсіз», - деді Мұхтар Жұмағазиев.

Оның сөзінше, соңғы үш-төрт жыл ішінде 3 мыңға жуық киік атылса, табиғи ортаға 3,5 миллиард теңге зиян келтірілді. 800-ден астам күдікті адам инспекторлардың қолына түскен болса, браконьерлерге қатысты істің жартысынан астамы дәйекті айғақтар жоқ деген желеумен сот отырыстарына жетпей, қысқартылған.

«Браконьерлік қылмыс далалық жолда жүруге қолайлы әрі жүрдек көліктердің көмегімен жүзеге асырылады. Заң талаптары бойынша ол көліктер қылмыс құралы болып есептелетіндіктен мемлекет пайдасына тәркіленуі қажет. Алайда, қоршаған ортаға, табиғат игілігіне есепсіз шығын келтірген браконьердің басым көпшілігі жеңіл жаза алумен шектеліп, көлік құралдары кейін қайтарылып беріледі. Егер оларды көліктерге иелік құқығынан айырып, қылмысқа қатысты көліктер мен басқа да құралдар ешқандай ымырасыз тәркіленсе, браконьерлерлік қылмысқа бірден-бір тосқауыл қойылар еді», - деді сенатор.

Осы орайда, ол браконьерлік әрекеттерге қолданылған көліктерді сот шешімі бойынша мемлекет пайдасына тәркілеп, оларды жануарлар дүниесін қорғайтын органдар құзырына өткізуді ұсынды.

Еске салсақ, 5 киік атқан браконьерлермен қақтығыста ауыр жарақат алған «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК инспекторы Ерлан Нұрғалиев 15 қаңтарда Астананың №1 ауруханасында көз жұмған еді.

ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов жарақат алған «Охотзоопром» инспекторын құтқаруға неліктен көп уақыт кеткенін түсіндірді.

Сондай-ақ, осы оқиғаға ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев пікір білдірді.

Соңғы жаңалықтар