Сенатор бизнес пен ғылымға қатысты қандай күдігі болғанын айтты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы ғылымның тағдырын бизнес шешеді. Бұл туралы бүгін Астанада технологияны коммерцияландыру тақырыбына арналған халықаралық форумда Сенат депутаты Бақытжан Жұмағұлов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біздің ғылымның тағдырына бизнес елеулі түрде ықпал етеді, яғни бұл асыра айтқандық емес. Инновацияларға бизнестің сұранысы болса, ғылымның даму жолы да айқындалады. Егер де ғылым саласына кәсіпкерлердің қызығушылығы байқалмаса, онда сол жайбасарлық қалыпта ғана ілгері жүреміз», - деді сенатор.

Осы орайда ол Елбасы Жолдауы аясында нақты сектор тарапынан жаңа технологияларға сұранысты ынталандыру мақсаты жүктелгенін еске салып өтті.

«Бұл бағытта тиісті шешімдер жасау үшін заң шығарушылық тұрғысында тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге әзірміз, яғни Парламент Мәжілісі де, Сенаты да өз тарапынан қолдау жасауға дайын», - деді Б. Жұмағұлов.

Оның пайымдауынша, Қазақстан үшін нақты ғылыми жобаларды бизнес тарапынан бірлесіп қаржыландыруды енгізу қағидатты қадам болды.

«Осыған дейін мұндай болмаған еді. Бизнестің қаржысы ғылымға бағыттала бастады. Шынын айтсам, бизнес өз қаржысын ғылымға салатынына сенбеген едім. Бүгінде жеке бизнес жағынан бірлесіп қаржыландыру үлесі 13 пайызға жетті», - деді депутат.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында Сенатта өткен «дөңгелек үстел» отырысында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов Қазақстанда отандық ғалымдардың жобаларына жеке сектордың инвестициясы үш есеге артқанын мәлімдеген болатын.

 

Соңғы жаңалықтар