Сенатор Батыс Қазақстан облысындағы су тапшылығына алаңдаушылық білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сенатор Нариман Төреғалиев еліміздің Премьер-Министріне жолдаған депутаттық сауалында Батыс Қазақстан облысының оңтүстігіндегі 4 ауданның, оның ішінде Бөкей ордасы, Жәнібек, Қазталов, Жаңақала аудандарының тұрғындары тап болып отырған өзекті мәселені көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта аймақта сумен жабдықтау мәселесі аса маңызды болып отыр. Бұл өңір негізінен мал шаруашылығымен айналысады және Ресейден су алуда. Бүгінгі таңда Еділ өзенінен Ресейдің Саратов, Волгоград облыстары арқылы облыстың оңтүстік аймақтарына ағып келетін су мөлшері айтарлықтай азайды. Сонымен қатар, жыл сайын су алу шығындары өсіп келеді.

Батысқазақстандықтардың нақты мұқтаждарына қосымша 131 млн текше метр су қажет.

Облыс алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі мал басын көбейту, оны өңдеу және экспорттау болып табылады. Су тапшылығы бұл мақсатты жүзеге асыруға айтарлықтай кедергі келтіріп келеді.

«Соңғы жылдары шаруа қожалықтары мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен шетелден асыл тұқымды мал сатып алуда. Бірақ қазіргі проблемалардың кесірінен барлық малдан айырылып қалу қаупі бар», - дейді сенатор.

Нариман Төреғалиев қаржыландыру мәселесін де қозғады. Депутаттың сөзіне қарағанда, өткен жылы 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджетті бекіту кезінде батыс өңірінің тұрғындарына су жеткізу шығындарын өтеу мәселесі қолдау таппады.

Сенатор өз сауалында Үкімет басшысынан биылғы жылдың ақпан-наурыз айларында бюджетті нақтылау кезінде 131 млн м3 көлемінде су жеткізу жөніндегі шығыстарға қосымша 3,5 млрд теңге бөлуді сұрады. Бұл Батыс Қазақстан облысында мал шаруашылығын дамытуға мүмкіндік беретін қаржы көлемі.


Соңғы жаңалықтар