Сенатор: Баланы қорлағандар ғана емес, сол қылмысты жасырғандар да қатаң жазалануы керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сенат депутаты Дана Нұржігіт ҚР Бас прокурорына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Халықаралық тәжірибені саралап, қылмыстық заңнама қолданысын талдап, балаларға қарсы жыныстық сипатта жасалған қылмыстың барлық түріне қатысты жазаны қайта қарап, қатаңдату бойынша ұсыныстар әзірлеуді сұраймыз», – деді Дана Нұржігіт Сенат отырысындағы өз сауалында.

Сондай-ақ, депутат Мемлекет басшысының осы мәселе бойынша берген тапсырмасының орындалу барысы туралы ақпарат беруді сұрап, бұл саладағы халықаралық конвенцияларға қосылу және имплементациялау бойынша заңнамалық ұсыныстар енгізу қажеттігін атап өтті.

Депутат келтірген статистика бойынша, Қазақстанда кейінгі 4 жылда осындай қылмыстар үшін 1868 адам кінәлі деп танылған. Оның 539-ы ғана 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылған. Биылдың өзінде ғана кәмелетке толмаған балаларға қарсы жасалған қылмыс 8 пайызға өскен.

«Мұны тоқтату үшін қатаң жаза қылмысты жасаған адамға ғана емес, сол қылмысқа жол берген, фактілерді жасырған, қылмыскердің жалтаруына мүмкіндік берген азаматтарға да қолданылуы керек деп ойлаймыз», – дейді Сенат депутаты.

Сондай-ақ, Д.Нұржігіт Қазақстан Халықаралық деңгейде балаларды қорғайтын екі маңызды құжатқа әлі қол қоймағанына назар аударды. Олар: бірінші - Балалар құқықтары туралы конвенцияның үшінші факультативтік хаттамасы. Екінші - Еуропа Одағының балаларды сексуалды эксплуатациядан және сексуалды зорлық зомбылықтан қорғау конвенциясы.

«Бұл конвенцияға қосылған мемлекеттер баланы жезөкшелікке тарту, мәжбүрлеу немесе секс-тауар ретінде көріп, пайдалану, балалар порнографиясын өндіру, ұсыну, тарату, сатып алу, сақтау үшін қылмыстық жаза қарастыруға міндетті», - дейді депутат сауалында.


Соңғы жаңалықтар