Сенатор балаларын шоу-бизнеске тартқан ата-аналарға қарсы шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сенат депутаты, еліміздегі Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Айтпаева бала еңбегін жеке мақсатына пайдаланатындарға қатысты жауапкершілікті күшейту ұсынысын жасады. Осы орайда ол Үкімет басшысы Асқар Мамин мен Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовтің атына тиісті депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның атап өтуінше, бала еңбегін үй жағдайында пайдалану мен үй шаруасын жүргізу құқықтық тәртіпте реттелмеген. Кәмелетке толмағандармен және мектеппен келісім жасау тәртібі ерекше қадамды қажет етеді, сондай-ақ жұмыс пен оқуды қиыстырып алып жүруге қатысты нормаларды қайта қарау қажет.

«Ата-аналар тарапынан баланың аңқаулығын пайдалануы айрықша өзекті болып отыр. Олар балаларын жеке амбицияларына жету ресурсы ретінде пайдаланады. Яғни бала еңбегін спортта, жарнама және модельдік бизнесте, шоу-бизнесте қамтиды», - деді сенатор.

Осы орайда түрлі шоу-бизнес пен модельдік бизнестегі тәртіп пен заңдылықтары баланың денсаулығына нұқсан келтіреді. Сонымен қатар осындай қосымша міндеттердің салдарынан жеткіншектер оқу үлгерімінен ақсайды.

Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің пайымынша, ата-аналар баласының сырт-келбетін пайда табу мақсатында пайдаланбауы керек. Бұл тұрғыда жеткіншектер мен жасөспірімдер түрлі тәуекелдерге тап болуы мүмкін.

Бұл ретте сенатор кәсіпкерлер заңнаманы өз мақсатында пайдаланбауы үшін, Еңбек кодексінде 14 жастағы жасөспірім немен және қандай жағдайда айналыса алатындығының нақты тізбесін белгілеуді ұсынды.

С. Айтпаеваның айтуынша, жыл сайын жұмыс істеуге ниеттілер үшін мамандыққа дайындықты ұйымдастырып, балалар кәсіптерінің тізімін пысықтау керек. Сонымен қатар балалардың еңбек биржасын ұйымдастырып, еңбекақының мөлшерін алдын ала жария ету қажет.

«Жеке материалдық проблемалары мен мүдделерін шешу мақсатында балалар еңбегін пайдаланғаны үшін ата-аналар жауапкершілігін күшейту керек», - деді депутат.

Соңғы жаңалықтар