Сенатор: Автожолдар жөндеу саласын құзыретті органдар тексеру керек

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Алматы облысы мен Жетісу облысының тұрғындары жолдарды жөндейтін мердігер компаниялардың жұмысы сапасына наразы болып отыр. Сенатор Сұлтан Дүйсембинов өзінің Үкімет басшысы Әлихан Смайловтың атына жолдаған сауалында осы мәселені көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, күрделі жөндеу жұмыстары 2-3 жылға кешігіп қалды, тиісті деңгейде жүргізілмеді және техника бос тұр.

Сенатор мердігер компаниялардың өз міндеттемесін уақтылы орындамауы және сапасыз атқаруы, білікті мамандар мен қажетті техниканың жетіспеуі, конкурстардың өткізілуін қадағалау мен бақылаудың болмауы, сондай-ақ конкурста жеңіп шыққан мердігерлердің міндеттемесі қосалқы мердігерге берілгені осыған себеп болды деп санайды. Бұл кейіннен жауапты адамдарды іздеуді қиындатады.

«Жол жөндеу жұмыстарының уақытында жүргізілмеуі, жолдардың пайдалануға берілген бөлігінде жол жиектерінің жасалмауы және пайдаланудағы жолдардың төмен сапасы жол-көлік оқиғасы көрсеткіштерінің жыл сайын өсуіне себеп болып отыр. Мысалы, Жетісу облысы Полиция департаментінің мәліметі бойынша республикалық маңызы бар тас жолдарда 2020 жылы 144 жол-көлік оқиғасы болып, 48 адамның өмірі қиылды, 223 адам зардап шеккен. 2021 жылы 186 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 76 адам қайтыс болды, 368 адам зардап шекті. Ал, 2022 жылдың 7 айында 105 жол-көлік оқиғасында 45 адам қайтыс болды, 157 адам зардап шекті», - деді сенатор С. Дүйсембинов.

Осы орайда, ол аталған облыстардағы автомобиль жолдарын күрделі жөндеу бойынша тиісті құзыретті органдарға тексеру жүргізуді, жергілікті атқарушы органдарды тарта отырып, жол жөндеу жұмыстарының сапасын тұрақты бақылаудың нақты алгоритмін әзірлеуді, жол саласының тиісті мамандарын даярлауды және конкурс өткізу тәртібін реттейтін нормативтік-құқықтық актілерді қайта қарауды ұсынды.


Соңғы жаңалықтар