Сенатор әр мектептің төріне Ахмет Байтұрсынұлының портретін іліп қоюды ұсынды

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Парламенті Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлы Ахмет Байтұрсынұлының портретін елдегі бүкіл мектептердің төріне іліп қоюды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мұндай бастаманы ол Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен «Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми мұрасы және Жаңа Қазақстанның зияткерлік сабақтастығы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда көтерді.

«Ахмет Байтұрсынұлының осыдан тура бір ғасыр бұрын алғашқы Оқу-ағарту министрі бола жүріп айтқан мынадай салиқалы сөзі бар. «Мектептің жаны – мұғалім», - дейді. Ендеше осындай марғасқа мұғалімнің портретін Қазақстанның әрбір мектебінде, осы сөздермен бірге неге іліп қоймасқа? Бұл ұсынысты сіздердің қолдауларыңызбен бүгінгі Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовке жеткізуге уәде беремін», - деді депутат.

Конференциядан кейін ғалым ҚазАқпарат тілшісіне бұл ұсынысының мәнін түсіндірді.

«Мектепке кейінгі 20 жылда саясат кіріп кеткен кездер болды. Олай болмауы керек. Білім ошақтарының төрінде ұлтты ағарту жолында жанын пида еткен Ахмет Байтұрсынұлының суреті тұрса орынды. Қазақстанда 7 мыңға жуық мемлекеттік мектеп бар десек, соның әрқайсысында Ахмет Байтұрсынұлының портреті мен қанатты сөзі ілінуі керек. Бұл ұсынысты конференцияға қатысушылар қолдағанын өздеріңіз көрдіңіздер. Министрге елдің тілегін жеткіземін», - деді Алтынбек Нұхұлы.

Сондай-ақ, ол конференцияға қатысып отырған Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевқа астана төрінен бой көтеретін Ахмет Байтұрсынұлының ескерткішін еңселі етіп орнатуға күш салсаңыз деген ұсыныс айтты.

«Құрамында бірнеше депутат пен елге белгілі тұлғалар бар Ахаң атындағы қоғамдық қор құрған болатынбыз. Сол кісілердің өтінішін осы мүмкіндікті пайдаланып айтып өтейін. Елорда төрінде ашылатын Ахмет Байтұрсынұлы ескерткіші еңселі әрі зәулім болуы керек. Мұндай ескерткішті қазақ ғылымының атасы, алғашқы академик Қаныш Сәтбаевқа ашқанымызды бәріңіз білесіздер. Енді ғылымның негізі, білімнің атасы Ахаңның ескерткіші де осындай зәулім болса екен деп тілейміз. Дәурен Әскербекұлы (Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев - авт.) осы ескерткіштің соңғы нүктесін, шешімін шығаратын – сіздің министрлік. Бұл халықтың өтініші. Кішкентай ғана ескерткіш болмасын. Біз Ахмет Байтұрсынұлы көшесімен арнайы жүріп өттік. Үш орынның ішінде ең ыңғайлысы жаңадан ашылған Қазақ драма театрының қасынан салынып жатқан үлкен аллеяның бойында болса деген үмітіміз бар. Соны ескерсеңіздер», - деді сенатор.

Айта кетейік, бүгін Ахмет Байтұрсынұлының туғанына тура 150 жыл толды.


Соңғы жаңалықтар