Сенатор Андорраның сыртқы істер министрімен кездесті

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров Андорраның сыртқы істер министрі Мария Убахпен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тараптар келіссөз барысында екіжақты байланыстардың қарқынды сипатын атап өте келіп, бір-бірінен географиялық тұрғыда алшақтығына қарамастан Қазақстан мен Андорраның өзара тиімді ынтымақтастық бағытын, атап айтқанда туризм саласының келешегі зор екенін атап өтті.

Сондай-ақ, екі ел парламентшілерінің халықаралық парламенттік ұйымдар аясындағы, оның ішінде ЕҚЫҰ парламенттік ассамблеясы мен Еуропа Кеңесіне қатысқан кездегі өзара жемісті іс-қимылы аталып өтті.

Сенат төрағасының орынбасары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламенттің саяси тетіктердегі рөлін күшейту бағытындағы реформалары туралы хабардар етті.

«Конституциялық реформа еліміздің қазіргі саяси жүйесіне елеулі түрде өзгеріс енгізіп жатыр. Бұл реформалар елді ықпалды Парламенті мен есеп беретін Үкіметі бар президенттік республикаға айналдырады», - деді Асқар Шәкіров.

Кездесуге қатысушылар Қазақстан мен Андорра арасындағы екіжақты қарым-қатынастардың маңызды құрамдас бөлігі ретінде парламентаралық байланыстарды одан әрі дамыту туралы уағдаласты.




Фото:Н.Байбулин


Соңғы жаңалықтар