Сенатор адвокатураның өзекті мәселелерін атады: Бір адвокатқа 4 мың адам

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Сенатының депутаттары Әділет вице-министрі Жанат Ешмағамбетовтің адвокаттық қызмет туралы екі заң жобасын талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заң жобасы бойынша баяндама жасалғаннан кейін Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі Владимир Волков Қазақстандағы адвокатура саласының өзекті мәселесі туралы сөз қозғады.
«Қазақстандағы адвокаттық қызметтің нарығы жеткілікті дәрежеде дамымаған және ол сала ел дамуының көрсеткішіне сай келмейді. Мәселен, бүгінгі таңда жауапты органның ақпаратына сүйенсек, 1998 жылдың 1 қаңтарынан бастап 12 500 адвокаттық лицензия берілген. Ал нарықта тек 4 мың адвокат қана жұмыс істеп жүр. Қалғандары қайда - түсініксіз. Яғни, бізде бір адкокатқа 4 мың адамнан келеді. Дамыған елдерде бір адвокатқа 260 адамнан. Италияда мәселен 1 адвокатқа 900 адамнан келеді», - дейді сенатор.
Оның айтуынша, авдокаттық салаға ену үшін төленетін жарна да өзекті мәселе болып тұр.
«Осы себепті жас адвокаттар жұмыс бастау үшін амалсыз несие алып жатады», - дейді ол.
Депутат сонымен қатар, адвокаттар ұсынатын қызметтің сапасына баса маңыз берілу керектігін атап өтті.
«Адвокаттардың үстінен түскен шағымдардың жартысының қанағаттандырылмайтыны туралы статистика бар. Адвокаттық бірлестіктердің тәртіптік комиссия құрмайтыны белгілі. Мұндай шағымдар әдетте республикалық және облыстық деңгейде қаралады. Сондай-ақ, адвокаттар коллегиясында басшылықтың ауыспауы тағы бар. Аймақтарда ондай коллегияларды адвокаттық практикамен айналыспай-ақ 20-30 жыл бойы басқарып отырғандар баршылық», - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар