Сенат «жасыл экономика» моделіне қатысты заң қабылдады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Сенат «Жаһандық жасыл өсу институтын құру туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Оңтүстік Кореяға сапарының қорытындысы бойынша берілген тапсырманы орындау мақсатында Жаһандық жасыл өсу институтына қосылу жөніндегі заң жобасы әзірленді. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында декарбонизациялау саясаты аясында 2060 жылға дейінгі көміртекті бейтараптық стратегиясы әзірленіп жатыр. Жаңа экологиялық кодекс қабылданып, өнеркәсіп салаларының ең озық қолжетімді технологияларға көшуі жөніндегі реформаға жол ашылды. Бұл ретте тиісті инвестиция тартылып, төмен көміртекті жобалар енгізіледі деген сөз», - деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Сенаттың жалпы отырысында.

Осы орайда ол Жаһандық жасыл өсу институты дамыған және дамушы экономикасы бар елдерге бұл саладағы жоспарлар мен саясатты іске асыруға жәрдемдесетіні атап өтті.

«Институттың негізі 2010 жылы қаланған және негізгі қызметі «жасыл өсу» деп аталатын экономикалық өсудің жаңа моделін қолдайтын халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы болып отыр. Институт ұйымға мүше елдермен және серіктестермен Климаттық мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимыл жоспарлары мен жобаларын қолдауға қаражат жұмылдыру үшін жұмыс істейді.

Институт ел үкіметтеріне Париж келісімі аясында қабылданған «жасыл өсу» стратегиялары мен міндеттемелерге қол жеткізу жөніндегі Ұлттық жоспарларды әзірлеуде қолдау көрсетеді», - деді министр.

Институттың қызметі келесі негізгі қолдау түрлерін қамтиды: экологиялық әсерді бағалау, стратегия мен жоспарлауды әзірлеу, қаржыландыруды ұйымдастыру және жасыл жобаларды енгізу, сондай-ақ білім алмасу.

Осы Келісімді ратификациялау қандай да бір міндеттемелерді қабылдамай, техникалық көмекті тарту мүмкіндігімен сараптамалық әлеуетке және Институттың жинақталған білім базасына қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бұл келісім елімізде «жасыл экономика» моделін енгізу ісін ілгерілетуді көздейтінін айтты.

«Қабылданған заң Жаһандық жасыл өсу институтының серіктес елдерімен экологиялық технологияларды дамыту саласында тәжірибе алмасуға жол ашады. Сол арқылы Қазақстанды теңгерімді әрі тұрақты дамытуға өз үлесін қосады деп сенеміз», - деді М. Әшімбаев.




Фото :firbid.com




Соңғы жаңалықтар