Сенат ядролық қаруды сақтауға тыйым салатын заңды қабылдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартты ратификациялау туралы» ҚР Заңы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шарт бұрын тыйым салынбаған жаппай қырып-жою қаруларының соңғы түрі - ядролық қаруға заңды тұрғыда тыйым салатын тарихтағы алғашқы халықаралық құжат болып саналады. Өз кезегінде ядролық қаруға заңды тұрғыда тыйым салу - ядролық қарудың толық жойылуы үшін қажетті алғашқы қадам ретінде қарастырылып отыр.

«Шарт ядролық қару немесе ядролық жарылғыш құрылғыны өндіру, сынау, сатып алу, беру, сақтау және өз аумағында орналастыруға тікілей тыйым салады. Сонымен қатар, шарттың ережелеріне сәйкес, ядролық қаруды пайдалануға әрі қолдану тұрғысынан қорқытуға тыйым салынған», - деді ҚР Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов.

Аталған шарт 2017 жылғы 20 қыркүйектен бастап Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясының 72-сессиясы аясында қол қойылуы үшін ашылды. Сонымен қатар, 50 мемлекет ратификациялағаннан кейін күшіне енетін болады. Қазіргі уақытта шартқа 70 мемлекет қол қойды, 23 мемлекет ратификациялады. Бағамдар бойынша шарттың күшіне енуі 5 жылға созылуы мүмкін.

Шартты ратификациялау Қазақстанның ядролық қарусыздану саласындағы бастамаларымен толықтай сәйкес келеді. Осы заң жобасын қабылдау республикалық және жергілікті бюджеттерден қосымша қаражат бөлуді талап етпейді.

Соңғы жаңалықтар