Сенат валюталық реттеу туралы заңға енгізілген өзгерістерді қабылдады

None
None
АСТАНА. 1 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне валюталық реттеу және валюталық бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңы қабылданды.

Аталған құжат еліміздегі валюталық бақылау тетіктерін жетілдіру мақсатында, сондай-ақ қолданыстағы заңды жеке тұлғалардың кеден одағының кеден шекарасы арқылы қолма-қол ақша қаражатын немесе ақша құралдарын өткізу тәртібі туралы шартқа сәйкес келтіру болып табылады.

Естеріңізге сала кетейік, қолданыстағы заңнамада ҚР Ұлттық банкі белгілеген шекті мәннен асатын сомада экспорттық-импорттық операциялар жүргізу кезінде резиденттердің мәмілелер паспорттарын рәсімдеу көзделген. Осыған орай, валюталық реттеуді ырықтандыру мақсатында мәмілелер паспорттарын рәсімдеуді келісімшарттың есептік нөмірін алу рәсіміне ауыстыру ұсынылады.

Бұдан бөлек, еліміздің қолданыстағы заңына сәйкес, Қазақстан Республикасынан қолма-қол шетел валютасын әкету кезінде баламасы 10 мың АҚШ долларынан асатын мөлшерде қолма-қол шетел валютасына соманың шығу тегінің заңдылығын растайтын құжаттар талап етілетін. Бұл құжаттар кеден органдарына ұсынылуға тиіс болатын. Бұдан басқа, жеке тұлғалардың баламасы 3 мың АҚШ долларынан асатын мөлшердегі қолма-қол шетелдік және ұлттық валютаны Қазақстанға әкелуі және одан әкетуі кезінде олардың әкелінетін немесе әкетілетін бүкіл сомасына кедендік декларациялануы белгіленген еді.

Ал жаңа шарт бойынша бірқатар өзгерістер енгізілген. Атап айтқанда, жеке тұлғалар үшін сомасы 10 мың АҚШ доллары баламасына тең немесе одан аспайтын қолма-қол шетелдік және ұлттық валютаны декларациялаусыз Қазақстанға әкелуге немесе әкетуге құқылы болады. Бұдан асқан соманы әкелуге немесе әкетуге декларациялау шарты көрсетіледі.

Соңғы жаңалықтар