Сенат Ұлттық банк төрағасы лауазымына Ғалымжан Пірматовтың кандидатурасын қолдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сенат депутаттары Ұлттық банк төрағасы лауазымына Ғалымжан Пірматовтың кандидатурасын мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Конституцияға сәйкес Ұлттық банк төрағасының кандидатурасына келісім беру Сенаттың ерекше құзырына жатады.

«Конституцияға сәйкес, Президенттің Ұлттық банк төрағасын тағайындауына келісім беру Сенаттың ерекше қарауына жатады. Сенаттың келісімін алу үшін Президент палатаға тиісті ұсыным енгізді», - деді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Өз кезегінде ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Тимур Сүлейменов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сенаттың қарауына келісім алу үшін Ұлттық банк төрағасы лауазымына үміткер ретінде Ғалымжан Пірматовты ұсынып отырғанын жеткізді.

Палата депутаттары аталған кандидатураға бірауыздан келісім берді.

Ғалымжан Олжайұлы Пірматов 1972 жылы туған. Новосібір мемлекеттік университетін бітірген. Мамандығы бойынша математик.

«Қазақстан халық банкі» АҚ-да қызмет етті. «БТА Банк» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарды. ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі, ал 2015-2017 жылдары Ұлттық банк төрағасының орынбасары болды.

2018-2021 жылдары «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы қызметін атқарды.

Еске сала кетейік, Ұлттық банктің бұрынғы төрағасы Ерболат Досаев жақында Алматы қаласының әкімі қызметіне тағайындалды.


Соңғы жаңалықтар