Сенат Түркіменстанмен арадағы шекара комиссарларының қызметі туралы келісімді қабылдады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркіменстанның Үкіметі арасындағы Шекара өкілдерінің (шекара комиссарларының) қызметі туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заңын қабылдады. Парламент қабылдаған Заң мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.

Аталған келісімге 2007 жылдың 28 мамырында қол қойылған болатын. Құжат Қазақстан мен Түркіменстан арасындағы шекаралық ынтымақтастық мәселелері бойынша шарттық-құқықтық базаны жетілдіруге бағытталады, сонымен бірге, шекара өкілдерінің қызметін жүзеге асыруға негіз болады. Атап айтқанда, шекарада тосын оқиғалардың алдын алу және сондай оқиғалар болған жағдайда оларды реттеу бойынша қажетті шараларды қабылдау, өткізу пункттерінде белгіленген мемлекеттік шекараны кесіп өту қағидаларының сақталуын бақылау қарастырылады. Бұдан бөлек, тиісті мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, қару-жарақтардың, оқ-дәрілердің, есірткі, психатроптық заттардың, құнды заттар мен валютаның, сондай-ақ радиоактивті заттардың контрабандасына қарсы күрес жөнінде қажетті шаралар қабылдау жүзеге асатын болады.

Тұтастай алғанда, құжат шекаралық мәселелерді реттеуге, шекарадағы тұрақтылықты одан әрі қамтамасыз етуге, шекаралық ынтымақтастықты дамытуға, сонымен бірге, мемлекеттік шекара режимін қолдауға жағдай жасайды.

Соңғы жаңалықтар