Сенат Төрағасының орынбасары ЕҚЫҰ ПА Бюросының отырысына қатысты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сенат Төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы Бюросының отырысына онлайн түрінде қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат жоғары палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Парламентшілер 24-25 ақпанда өтетін Парламенттік Ассамблеяның қысқы отырысын өткізудің шарттары мен сипаты, сондай-ақ 2022 жылы болатын сайлаудағы байқау миссиялары туралы мәселелерді талқылап, шешімдер қабылдады.

Отырыс аясында ағымдағы халықаралық мәселелер, оның ішінде Қазақстандағы ахуал талқыланды.

ЕҚЫҰ ПА Төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров еліміздегі қаңтардағы қайғылы оқиғаларға байланысты мән-жайларды егжей-тегжейлі баяндады.

Бюро мүшелері аталған оқиғаларға берілген бағамен, сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Парламентінің төменгі палатасында және отандық бизнес өкілдерінің алдында сөйлеген сөздерінде белгілеген, алдағы кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси салалардағы еліміздің негізгі басымдықтарымен таныстырылды.

Мемлекет басшысының қоғамды одан әрі демократияландыру, әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру, азаматтарды, конституциялық құрылыс пен егемендікті тиімді қорғау мақсатында құқық қорғау органдарының жұмысын қайта жаңарту бағытындағы стратегиялық реформаларына ерекше назар аударылды.

Бюро мүшелері Қазақстандағы оқиғалар бойынша ақпан айында ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының депутаттары үшін онлайн брифинг өткізу туралы ұсынысты мақұлдады.

Еуропалық депутаттар көптеген адам құрбандықтарына әкеп соққан қайғылы оқиғаларға байланысты Қазақстанға көңіл айтып, қолдау білдірді және халықаралық қоғамдастыққа нәтижелері ұсынылуы тиіс объективті тергеу жүргізудің маңыздылығын атап өтті.

Асқар Шәкіров ЕҚЫҰ ПА өкілдерін Қазақстанға сапармен келуге шақырды, оның барысында парламентшілер елдегі жағдаймен танысып, тиісті мәселелерді талқылайтын болады.

Бұл ұсыныс қабылданды, осыған байланысты Парламенттік Ассамблея Төрағасының орынбасары, Орталық Азия жөніндегі Арнаулы уәкіл Пиа Каума Қазақстанға сапармен келуге ниет білдірді.


Соңғы жаңалықтар