Сенат төрағасы Жастар жылының негізгі мақсатын атады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жастар жылы өскелең ұрпақтың барынша сапалы өмір сүруіне қажетті жағдай жасауға негізделіп отыр. Бұл туралы Жастар жылының мақсатына арналған дөңгелек үстелде Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Президент жариялаған Жастар жылының ең басты мақсаты - өскелең ұрпақтың барынша сапалы өмір сүруіне қажетті жағдай жасау. Өйткені, жастар - бұл мемлекетіміздің күш-қуатын еселейтін ең негізгі мықты буын. Қазақстан осындай арынды ұрпақтан кенде емес жас мемлекет. Әрбір екінші қазақстандықтың жасы 30-дан төмен болса, азаматтарымыздың орташа жасы 34-тен аспайды. Мемлекет басшысы жуырда Жастармен өткізген кездесуінде атап көрсеткендей, аға буын өкілдері Кеңес одағы ыдырағаннан кейінгі аса күрделі геосаяси ахуалда жаңа мемлекеттің іргетасын қалады, мемлекетімізді өркениетті елдердің қатарына қосты, көршілес елдермен тиісті шарттарға қол қойып, шекараның мызғымастығын қамтамасыз етті және Қазақстан экономикасының одан әрі қарқынды дамуы үшін қажетті жағдай жасады», - деп тоқталды Сенат төрағасы.

Осы орайда ол Елбасының айрықша күш-жігерінің арқасында бүгінде еліміз барша әлемге танымал, ықпалды және беделді мемлекетке айналғанын атап өтті.

«Қазір қазақ халқын бүкіл әлем қауымдастығы құрметтейді және оның пікірімен санасады. Бұл - ел тарихында бұрын-соңды болмаған, ата-бабамыз армандаған ең үлкен жетістік. Сондықтан Президент айтып өткендей, еліміздің ертеңі жас ұрпақтың қолындағы асыл аманат», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Сенат төрағасы Мектептегі зорлық-зомбылыққа көз жұмып қарауға болмайтынын атап өтті.

Соңғы жаңалықтар