Сенат төрағасы заң шығару процесіндегі кемшіліктерді атады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздің бірқатар заңдардан ішкі қарама-қайшылықпен қатар теңгерімділіктің жоқтығын көруге болады. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатындағы заң шығару процесін жетілдіру мәселелері жөніндегі Үкімет сағатында жоғары палата спикері Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Парламенттің өкілеттігін күшейту жұмысы заң шығарушы тұлғалардың заң жобаларын әзірлеу және оларға бастамашылық жасау тәртібін реттеуді талап етеді. Осы жерде бірінші мәселе туындайды. Бұл - әлі күнге дейін өзгеріссіз қалып отырған заң жобалау жұмысын жоспарлау деңгейінің төмендігі, ол заң шығару жұмысындағы жүйесіздікке, «шашыраңқылыққа», әбден пісіп-жетілген түйткілдердің тым кеш шешілуіне және кодификацияланған актілердің ретсіз түзетілуіне әкеліп соғады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуынша, сондықтан заң нормалары құқықтық ахуал жасаудың орнына, тез өзгеріп отыратын құбылмалы жағдайлардың салдары болып табылады. Парламент қабылдаған заңнамалық актілерге күшіне енген кезден бастап бір жыл ішінде басқа заңдар негізінде жүзге жуық өзгертулер енгізілетін жағдайлар да кездеседі.

«Көп жағдайларда біздің заңдарымыз экономика мен қоғам өміріндегі шұғыл проблемаларды шешуге бағытталады. Соның салдарынан бұл заңдардың мазмұнында ағымдағы жағдайға деген тұжырымдамалық көзқарас пен мемлекеттің дамуына оң ықпал ететін үрдістердің тапшы екені бірден байқалады. Бірқатар заңдардан ішкі қарама-қайшылықпен қатар теңгерімділіктің жоқтығын көруге болады. Заң бір ұғымның өзін алуан түрлі мағынада түсіндіруі мүмкін. Бұл жағдай қоғамның Парламент пен Үкіметтің қызметіне деген сыни көзқарасын туғызары анық», - деді ол.

Сенат спикері еліміздің заңнамалық жүйесіндегі маңызды міндеттердің бірі Қазақстанды дамыған 30 елдің қатарына енгізуді құқықтық қамтамасыз ету екендігіне де назар аудартты.

«Осы орайда, Үкіметтің жоғары рейтингтік көрсеткіштерге сай болуға бағытталған терең ұмтылысын атап өту қажет. Әрбір мемлекеттік орган өз міндеттеріне ғана сәйкес келетін қағидаттар мен әдістер негізінде халықаралық рейтингтерге қол жеткізу міндетін қойды. Сонымен қатар, алдыңғы қатарлы дамыған елдердің тобына кіру шаралары Үкіметтің барлық органдарының осы бағыттағы үйлесімді жұмысын қажет етеді. Халықаралық ұйымдармен іс-қимыл жасаудың маңызы зор екені күмәнсіз, бірақ олардың талаптары мен сұраныстары, ең алдымен, ұлттық мүдделерді қамтамасыз етуге және Қазақстан азаматтарының мұң-мұқтаждары мен қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған заң шығару жұмысына тосқауыл болмауы тиіс», - деді.   

Қ.Тоқаевтың пайымынша, аталған процесті анағұрлым кешенді, үйлесімді және оны халықаралық қоғамдастықпен қатар еліміздің азаматтарынаа ұғынықты ету үшін оның кезеңдері мен шарттарын құқықтық реттеу мәселесін қарауымыз қажет.

Соңғы жаңалықтар