Сенат Төрағасы «Вульф институтының» директорын қабылдады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев «Вульф институтының» негізін қалаушы-директоры Эдвард Кесслерді қабылдады, деп хабарлайды Жоғары Палатаның баспасөз қызметі.

Вульф институты қазіргі кезде «Астана» халықаралық қаржы орталығы сотының Төрағасы болып табылатын лорд Гарри Кеннет Вульфтің атымен аталған.

Сенат басшысы мейманмен кездесуде алуан діндер өкілдерінің арасындағы өзара түсіністікті жақсартуға бағытталған институттың миссиясы мен қызметі толеранттық және тұрақтылыққа басымдық берілетін Қазақстанның мемлекеттік саясатына жақын екенін атап өтті.

Қ.Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі мен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің алдағы VI Съезі туралы хабардар етті. «Форум халықаралық шиеленістерді шешу жолдарын іздестіру, толеранттық қағидалары мен жаһандық ауқымдағы өзара түсіністікті нығайтудағы алдыңғы қатардағы мемлекеттердің көшбасшыларына, бұрынғы және қазіргі танымал саясаткерлерге, діни көшбасшылар мен ғалымдарға арналған тамаша алаңды ұсынады», - деді ол.

Тараптар 2018 жылғы 10-11 қазанда Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің алдағы Съезі аясындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.

«Алдағы Съезге дінаралық үнқатысу саласындағы көрнекті ғалым ретіндегі Сіздің қатысуыңыз оның жұмысына пайдалы болады», - деді Сенат Төрағасы.

Соңғы жаңалықтар