Сенат төрағасы ұлттық қаржы жүйесінің ашықтығын арттыруға қатысты пікір білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қылмыстық жолмен алынған кірістерді жылыстатуға қарсы іс-қимыл мәселелері туралы заң ұлттық қаржы жүйесінің ашықтығын арттыруды көздейді. Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру және терроризмді қаржыландыру қоғам мен мемлекет үшін қауіп тудыратыны анық. Сол себепті, осы қылмыстарға қарсы іс-қимылдардың тиімділігін арттыру және бұл саладағы сын-қатерлердің алдын алу аса маңызды. Сондықтан бүгін қабылданған заң қылмыстық кірістерді азайтуды және ұлттық қаржы жүйесінің ашықтығын арттыруды көздейді», – деді Мәулен Әшімбаев Сенаттың жалпы отырысында.

Айта кетейік, Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданды.

Заңға сәйкес енді жария лауазымды тұлғалардың қаржы операцияларына заңнамалық тұрғыда бақылау жүргізіледі. Бұрын олар қаржылық мониторинг субъектілерінің қатарына қосылмаған еді. Жаңа норма бойынша бұдан былай салалық Агенттік ұлттық жария лауазымды тұлғалардың тізімін жүргізеді.


Соңғы жаңалықтар