Сенат төрағасы: Республика деңгейінде шешім қабылдағанда мәслихаттардың пікіріне назар аудару қажет

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Республикалық деңгейде шешім қабылдаған кезде мәслихат депутаттарының ұстанымдары мен пікірлеріне көбірек назар аудару қажет. Бұл туралы бүгін Қазақстан мәслихаттарының 25 жылдығына арналған республикалық конференцияда ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ширек ғасыр бұрын елімізде мәслихаттарға алғашқы сайлау өтті. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен осы кезден бастап жергілікті өкілді органдардың тарихы басталды. Бүгінгі конференция - атқарылған жұмыстардың қорытындысын шығаруға, мәслихат қызметінің перспективалары мен проблемалары туралы айтуға жақсы себеп. Бізге жұмысымыз туралы, халықтың жағдайын жақсарту үшін жасалатын оң қадамдар туралы байсалды, іскерлік әңгіме қажет. Бұл - уақыт талабы», - деді Дариға Назарбаева.

Сенат спикері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды тұғырнамасында «Азаматтардың шешімдер қабылдау процесіне қатысу және олардың іске асырылуын бақылау тетіктерін көздейтін жергілікті өзін-өзі басқару органдарын одан әрі дамытуды қолдау» қажеттігін атап өткенін еске салды.

«Енді осы бағытта нақты қадамдар жасайтын кез келді. Жергілікті басқару - бұл басқарудың маңызды деңгейі. Әкімшілік реформа оған айтарлықтай өкілеттік берді. Дәл осы жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару органдары халыққа барынша жақын, олар елдің уайымы мен үмітін жақсы біледі. Менің аймақтарға іс-сапарларым, депутаттармен қарым-қатынас барысы республикалық бюджет, заңнамалық жұмыстар бойынша сіздерде үлкен потенциал бар екенін көрсетті», - деді ол.

Дариға Нұрсұлтанқызы мәслихаттықтар бюджетті жоспарлау процедураларын өзгерту, оған депутаттардың белсенді қатысуы, аймақтық тексеру комиссияларын бюджет жұмысына тарту мәселелерін негізді түрде көтеріп келе жатқанын айтты.

«Бұл осы мәселелерге қатысты біздің көзқарасымыз бір екенін білдіреді және ары қарай қай бағытта жүретінімізді осыдан түсінуге болады. Республикалық деңгейде шешім қабылдаған кезде де аймақтардың, ең алдымен мәслихат депутаттарының ұстанымдары мен пікірлеріне көбірек назар аудару қажет деп ойлаймын», - деді Сенат төрағасы.

Соңғы жаңалықтар