Сенат төрағасы қатарға былтыр қосылған депутаттарға қатысты пікір білдірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сенат төрағасы  Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Сенатының өткен жылы жаңадан сайланған депутаттарына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сенаторлар парламенттік дипломатия аясында Елбасының халықаралық және өңірлік қауіпсіздік қамтамасыз ету жолындағы тың бастамаларын ілгерілетуге белсенді қатысып келеді. Палата делегациясының шетелдерге сапары барысында парламентаралық ықпалдастықты тереңдетуге ерекше мән берілді. Өз мәресіне жеткен үшінші сессия жұмысын біз жаңа құрамда бастаған болатынбыз. Қатарымызға қосылған әріптестеріміз өздерінің мол өмірлік тәжірибесін жаңа парламенттік қызеттерінде ұтымды пайдаланып, палатаның заң шығару жұмысының пәрменділігін арттыруға лайықты үлес қосқанын атап өткім келеді», - деді Сенат төрағасы.

Сонымен қатар Қ. Тоқаев жаз айларында сенаторлар өңірлерде жұмыстарын жүргізетінін, жергілікті тұрғындарға қабылданған заңдар мен мемлекеттік бағдарламалардың мәні мен мақсатын насихаттайтынын атап өтті.

«Баршаңызға сессия барысында бірлесіп атқарған нәтижелі қызметтеріңізге, Ұлы Дала елін кешенді жаңғырту жолында Елбасының әрқайсымызға жүктеген жауапкершілік салмағын терең сезініп, жемісті жұмыс істегендеріңіз үшін ризашылығымды білдіремін», - деп түйді Сенат төрағасы.

Естеріңізге сала кеетйік, 2017 жылы  28 маусымда Сенат депутаттарының сайлауы өтіп, Парламенттің жоғары палатасының құрамы Конституция бойынша жаңарды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін  Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Сенатының үшінші сессиясының жұмысын қорытындылады.

Елбасының Жолдауы және халықтың әл-ауқатын көздейтін Бес әлеуметтік бастамасынан туындайтын ауқымды міндеттерді жүзеге асыру барысында Парламент 84 заң қабылдады. Жалпы сессия барысында 101 депутаттық сауал жолданды. Бұдан бөлек, Сенаттың тұрақты комитеттері өткізген 23 көшпелі отырыс, 14 дөңгелдек үстел, 19 кездесу аясында заңдардың және мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы барысы егжей-тегжейлі талқыланды.

 

Соңғы жаңалықтар