Сенат Төрағасы Қ. Мәми бастаған қазақстандық делегация ТМД ПА Кеңесінің отырысына қатысты

None
None
НКТ-ПЕТЕРБОР‑АСТАНА. 10 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бұдан бұрын хабарланғанындай, кеше 9 қарашада Санкт‑Петербор қаласында ТМД Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің кезекті отырысы болып өтті.

Оның жұмысына ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қайрат Мәми бастаған қазақстандық делегация қатысты. Делегация құрамында Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Қайрат Ищанов, Сенаттың Экономикалық және өңірлік даму комитетінің мүшесі Александр Савченко, Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Қабиболла Жақыпов және тағы басқалары болды.

ТМД ПА Кеңесі отырысының күн тәртібіне орай жиынға қатысушы сегіз мемлекеттің делегация басшылары алдымен Кеңес төрағасын сайлау мәселесін талқылап, дауыс беру арқылы ТМД ПА Кеңесінің төрайымы етіп РФ Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің жетекшісі Валентина Матвиенконы сайлады. Өз кезегінде Кеңестің жаңа төрайымы В. Матвиенко ТМД ПА бүгінгі қызметіне тоқтала келе, Парламентаралық Ассамблеяның алдағы перспективадағы қызметіне, сондай‑ақ келесі жылы Ұйымның 20 жылдығы аталып өтілетінін ерекше назарға алды.

«ТМД ПА өзінің өміршеңдігін көрсетіп, ТМД‑ға қатысты нешеалуан «ауруларды» таңғысы келетіндер үшін лайықты жауап беріп келеді. Осыған орай мен бүгінгі отырыста ТМД ПА көктемгі пленарлық отырысында ұйымның жиырма жылдық мерейтойына қатысты арнайы мәлімдеме әзірлеп, оны қабылдау мәселесін қарастыруды ұсынамын. Бұндай мәлімдеме шеңберінде біз ТМД ПА қызметінің нәтижелерін бағалап, алдағы прспективадағы әрекеттерімізді де айқындай алар едік. Жалпы, өткен екі онжылдық мерзімде ТМД ПА үлкен жолдан өтті. Ал оның ең нағыз жетістігі Парламентаралық Ассамблея посткеңестік кеңістіктегі парламентаралық ынтымақтастықты жандандыра алды. Осының негізінде ЕурАзЭқ ПА, ҰҚШҰ ПА секілді ұйымдар құрылды. Біз алдағы уақытта да өз дәстүрімізден таймай, ТМД мүше‑мемлекеттерінің барлық Парламенттерімен сыйластық пен құрмет негізінде жұмыс жасауға ұмтылуымыз керек», ‑ деді Валентина Матвиенко. Оның айтуынша, ПА жұмысы теңқұқықтық қағидатына сай жүргізілуі шарт.

Бұдан бөлек, жиын барысында ТМД ПА тұрақты комиссияларының төрағалары сайланып, ағымдағы жылғы атқарылған жұмыстар қорытындыланды. Күн тәртібіне орай, Кеңес отырысында ТМД ПА өкілдерінің ағымдағы жылдың тамызында Қазақстан Республикасында өткен Сенат депутаттарының сайлауына қатысты есептері де тыңдалды. Ол бойынша баяндама жасаған РФ Федералдық Кеңесі Федерация Жиналысының депутаты Константин Титов, сайлау үдерісінің халықаралық стандарттарға, сондай‑ақ Қазақстан Республикасының сайлау құқықтары мен электоральды байқау саласындағы халықаралық міндеттемелеріне сай жүзеге асқандығын мәлімдеді. «Байқау барысындағы мониторинг Қазақстан Республикасындағы Сенат депутаттарын сайлаудың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын дәлелдеді. Қазақстандағы осы үдерісте демократиялық сайлау өткізуге және ұйымдастыруды реттеуге қатысты ұлттық және халықаралық құқық нормалардың талаптары толық орындалғаны байқалды. Дайындық кезеңінен бастап Сенат депутаттары сайланған 2011 жылғы 19 тамыз күнін қоса алғандағы жалпы үдеріс барысында халықаралық байқаушылардың мәртебесі мен өкілеттіктері толық сақталды», ‑ деді К. Титов.

Сондай‑ақ парламентшілер ТМД мен ТМД Парламенттік Ассамблеясының 20 жылдығына арналған іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру, Достастық елдері бойынша өтетін сайлауларды байқау үшін ТМД ПА өкілдерін қатыстыру секілді мәселелерді қарап, арнайы қаулылар қабылдады. Оның шеңберінде ТМД Парламенттік Ассамблеясының 20 жылдығына арналған арнайы мерейтойлық медаль шығаратын болып келісілді.

Сонымен қатар Сенат спикері ТМД ПА шеңберінде екіжақты қатынастар мен парламентаралық байланыстарды одан әрі дамыту мақсатында бірқатар кездесулер өткізген болатын.

Соңғы жаңалықтар