+7 (701) 759 90 19
USD 422.87 EUR 512.1
RUB 5.63 CNY 64.49
Jańalyqtar

Сенат төрағасы фермерлік одақтардың басшыларымен кездесті

2019 жылғы 12 желтоқсан 13:34
Бөлісіңіз:
Сенат төрағасы фермерлік одақтардың басшыларымен кездесті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева фермерлік одақтар мен аграрлық кешен өнімін өндірушілер қауымдастықтарының басшыларымен жұмыс бабындағы кездесу өткізді. Бұл жөнінде Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаева парламенттік тыңдауға дайындық аясында фермерлік одақтар мен агроөнеркәсіп кешені өнімдерін өндірушілер қауымдастықтарының басшыларымен бірқатар жұмыс кездесулерін өткізді.

Бірінші кездесу мал шаруашылығы және ет-сүт кешенінің өкілдерімен болды.

Сенат басшысы кіріспе сөзінде агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелерін кеңінен талқылау қажеттігін атап өтті.

«Фермер одақтарымен және аграршылар қауымдастықтарымен кездесулердің бәрі тауар өндірушілерді тыңдауға, қандай маңызды мәселелерді парламенттік тыңдауларға шығаруды жан-жақты білуге мүмкіндік береді. Ол парламенттік тыңдаулардың ұсыныстары институттық рөл атқаратыны тұрғысында аса маңызды», - деді Д.Назарбаева.

Кездесуге сөз алған Қазақстан ет шаруашылығы одағының басқарма төрағасы Мақсұт Бақтыбаев саланы дамыту туралы ойларын ортаға салып, кедергі болып отырғанын өзекті мәселелерге жан-жақты тоқталды. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен инвесторларды бірқатар маңызды мәселелер алаңдатып отыр. Ол бірінші кезекте қаржы саласына қатысты: ұзақ мерзімді жоспарлау мен инвстицияға мемлекеттік бағдарламалардың шектеулі мерзімі кедергі болатыны, айналымдағы қаржының тапшылығы мен несие пайызының жоғары екендігі, ал ДСҰ бойынша рұқсат етілген келісімдерден мемлекет тарапынан саланы жиынтық қолдау айтарлықтай төмен болып отыр.

Реттеуші органдардың ауыл шаруашылығы өндірушілеріне арналған жақсы мақсаттарды көздейтін іс-қимылы қолдану нәтижесінде аграршыларға зиян келтіретін сәттер жиі орын алады. Ет шаруашылығы одағының басшысы осы жылы тері экспортына тыйым салу төңірегіндегі жағдайды мысалға келтірді, бұл елімізде 100-ден астам дайындау орталықтарының жабылуына әкеліп соқты, мемлекет экспорттан түсетін валюталық түсімдердің едәуір бөлігінен айырылды.

М.Бақтыбаев сонымен қатар агроөнеркәсіп саласындағы ғылыми институттар тиімділігінің төмендігі мен кадрларды даярлау сапасы да кері әсерін тигізіп отыр, деп санайды.

Д.Назарбаеваға ауыл шаруашылығы саласы бойынша білім беру жағдайы мәселесіне қолдау білдіріп, ол агроөнеркәсіп кешеніне кадрлар даярлау мәселелері бойынша ауыл шаруашылығы жоғары оқу орындары және колледждермен бөлек кездесу өткізу туралы тапсырма берді.

Қазақстан сүт одағының директоры Владимир Кожевников өз сөзінде отандық шикізат тапшылығы мен сапасының төмендігін, логистика шығындарының жоғарылығын, импорттық буып-түю материалдарына, ингредиенттерге, жабдықтарға және олардың қосалқы бөлшектеріне тәуелді болу тақырыбын қозғады.

Сенат басшылығының агроөнеркәсіп кешені өкілдерімен одан кейінгі жұмыс кездесуі құс шаруашылығының жағдайына арналды.

Кездесуде Қазақстан құс өсірушілер одағының президенті, Еуразиялық құс шаруашылығы қауымдастығының вице-президенті Руслан Шәріпов жұмыртқа өндірісіне субсидияны алып тастау мәселесін көтерді:

«Министрлік тарапынан құс еті бойынша субсидиялар қалды, ал жұмыртқа бойынша субсидиялар жойылды. Бұл отандық құс фабрикалары жұмыртқа өндірісін 100 пайызға ұлғайтқанына әрі экспортқа шығаруды қолға алғанына қарамастан орын алып отыр. Кәсіпорындар мұндай күтпеген шешімге дайын емес еді әрі айтарлықтай зиян шекті», - дейді ол.

Р.Шәріпов қалыптасқан күрделі жағдайды шешу үшін құс фабрикаларына жемдік бидай қорын құруды және құрама жем импортына тәуелділікті қысқартуды ұсынды.

Бұл проблеманы «Когер ЛТД» серіктестігінің бас директоры Константин Шин (Талдықорған) де өткір мәселелердің бірі ретінде атап өтті. Ол мемлекет тарапынан берілетін субсидия ғана кәсіпорындарға рентабельділікті сақтауға мүмкіндік берді деп есептейді. Енді жем-шөп, құрал-жабдықтар, асыл тұқымды құс, витаминдер мен вакциналарды шетелден валютаға сатып алуға тура келгенде «өндірушілер өз өнімдерін өзіндік құнынан төмен сатуға мәжбүр болады».

К.Шин өз сөзінде құжаттарды ресімдеу мен бюрократиялық кедергілердің күрделілігіне байланысты мемлекеттік даму институттары тарапынан қолдауға қол жеткізу мүмкіндігінің жоқтығы туралы мәселе көтерді.

Жұмыртқа өндірушілер қауымдастығының директоры Максим Божконың өз сөзінде ресейлік және беларустық шаруашылықтар тарапынан ЕАЭО аясындағы бәсекелестік мәселесі туралы айтты.

«Бізде үлкен еуразиялық нарық бар, онда ресейлік, белоруссиялық өндірушілер бар. Біз бұл жерде өзіндік құн бойынша бәсекеге түсе алмаймыз. Бізде тиімді өндіріс бар, ең жоғары технологияларды пайдаланамыз. Бірақ Ресейде және Беларусьте жұмыртқа саласына мемлекеттік қолдау бізге қарағанда әлдеқайда жоғары. Мұнда тиімділік бойынша емес, мемлекеттік субсидия бәсекесі жүріп жатыр, кімге мемлекет тарапынан көп ақша беріледі, сол елдің жұмыртқасы арзан болып шығады. Бұл қазір осы саланың басты ерекшелігі болып отыр, мемлекет қолдауды алып тастағысы келеді, онда біз тіпті сәтсіздікке ұшырайтын боламыз», - деп атап өтті Максим Божко.

М.Божко сондай-ақ Ресейден бақылаусыз, іс жүзінде контрабандалық жолмен жұмыртқа өнімдерін әкелу фактілеріне қатысушылардың назарын аударды.

Сенат Төрағасы Д.Назарбаева Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетіне жұмыс кездесулерінің қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өкілдері қозғаған өзекті мәселелерді зерделеуді және оларды 2020 жылға жоспарланған парламенттік тыңдауларда талқылауға дайындауды тапсырды.

Шараға Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Ә.Бектаев, Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы С.Жақсыбеков, Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің хатшысы Р.Әкімов, Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы Е.Мұқаев, сенатор Б.Еламанов, М.Жұмағазиев, М.Көбенов, Н.Қылышбаев, А.Нұралиев, М.Тағымов, Ә.Құртаев қатысты.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059

MURAǴAT