Сенат Төрағасы БАҚ өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтады

None
None
АСТАНА. Маусымның 24-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары мен тілшілерін алдағы келе жатқан кәсіби мерекелерімен құттықтады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

 «Қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының елде жүргізіліп жатқан реформаларды жүзеге асырудағы рөлі орасан зор. Біз үшін ақпарат құралдары өкілдерінің кез келген мәселені мүмкіндігінше шынайы бағалағаны маңызды. Бұл, әрине еліміздің заң шығарушы органы ретінде Парламенттің қызметіне қатысты да айтылған пікір. Бүгінде елімізде болып жатқан күрделі үдерістерді БАҚ өкілдерінің қаншалықты объективті бағалап отырғандығын айту қиын. Дегенмен мен журналистер қызметінің әлемдік деңгейдегі саяси мәселелерге болсын, қоғам өміріне қатысты проблемаларды шешуде болсын сіңірген еңбектері зор деп білемін. Меніңше, бүгінгідей алмағайып заманда халықаралық деңгейдегі мәселелермен қатар ішкі саяси жағдайды да көпшіліктің назарына жеткізіп отыру маңызды», - деді төраға.

 Сондай-ақ журналистердің Үкіметтің дағдарысқа қатысты қолданып отырған шаралары мен Парламенттің атқарып отырған жұмыстарын насихаттаудағы еңбектерін жоғары бағалайтынын жеткізген Сенат Төрағасы: «Дағдарыс әрине сырттан келген проблема. Дегенмен біз оған қатысты көпшілік арасында кикілжің шығарып, үрей тудырып алмай әр нәрсенің ақ-қарасын ажыратып көрсете білуіміз қажет. Біз қазір заң шығарушы орган ретінде елімізге қажетті барлық заңдарды қабылдадық. Соңғы сессияның өзінде 100-ден астам заңдар қабылданды. Бұл көрсеткіш оның алдындағыдан әлдеқайда жоғары. Бұл бір жағынан Парламенттің тиімді жұмысын  көрсетсе, екінші жағынан біз Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасын орындау үшін қолдан келгеннің барлығын жасап отырмыз», - деп атап көрсетті спикер.

 Қ. Тоқаев  журналистерге естелік ретінде сыйлықтар тапсырды.

Соңғы жаңалықтар