Сенат төрағасы әскери бөлімшелердің кезекшілігін бірнеше айға қалдыруды ұсынды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әскери бөлімшелер мен Ұлттық ұлан құрылымдарының кезекшілігін бірнеше айға қалдыру, тіпті күшейту қажет болуы мүмкін. Бұл туралы Парламент Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет қазіргі қиын кезеңде ауқымды жұмыстар атқарды. Баршамызға белгілі шығындарға қарамастан, өте көп адамға нақты көмек көрсетілді. Біз Үкіметтің, Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның, жергілікті жерлердегі атқарушы органдардың қабылдап жатқан шараларын қолдаймыз. Сонымен қатар, түрлі себептерге байланысты назардан тыс қалуы мүмкін, бірақ маңызды бірқатар проблемаларға назар аудару қажет деп есептейміз», - деді Д. Назарбаева Сенаттың жалпы отырысында.

Осы орайда ол депутаттар назарын қарттар мен балалар үйлері, интернаттар мәселесіне аударды.

«Депутаттарға, жеке маған да азаматтар мен осы медициналық-әлеуметтік мекемелердің өкілдерінен қорғану және санитариялық гигиена құралдарының тапшылығы туралы өтініштер үнемі келіп түсуде. Халықаралық және отандық тәжірибе көрсеткендей, олар – қоғамның ең осал бөлігі. Ол адамдар мүлдем ұмыт қалғандай әсерде қаласың. Бұл мәселе шешімін табу қажет», - деді Сенат төрағасы.

Сонымен қатар ол жалпы криминогендік ахуалға тоқталды.

«Бұл - қоғамды, әсіресе ірі қалалардың тұрғындарын қатты мазалап отырған мәселе. Қазірден бастап карантин мен төтенше жағдайдан кейін қалаларда криминогендік ахуалды тұрақтандыру бойынша жоспар әзірлеу қажет деп есептеймін. Әскери бөлімшелер мен Ұлттық ұлан құрылымдарының кезекшілігін бірнеше айға қалдыру, тіпті күшейту қажет болуы мүмкін. Қала тұрғындары бұл шараға түсіністікпен қарап, қолдайды деп сенемін. Сонымен қатар, ұрлық пен бұзақылық жасаған қылмыскерлерге барынша қатаң жаза қолдана отырып, ашыі соттар өткізу керек», - деді Д. Назарбаева.

Мұнымен қоса ол тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайына пікір білдірді.

«Қазіргі жағдайда күшейе түскен тағы бір проблема. Әйелдер мен құқық қорғау ұйымдарының өкілдерінен карантин кезінде үйдегі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың күрт өскені туралы ақпарат келіп жатыр. Өкінішке қарай, бұл карантин шараларының тікелей салдары, зорлық-зомбылық құрбаны болған әйел адам мен бала үйінен шығып, қашып кете алмайды, көмекке де шақыра алмайды. Жергілікті билік пен құқық қорғау органдарына осындай қылмыстарды анықтауға ерекше назар аудару және жалпы әйелдерді қолдау шараларын күшейту қажет деп есептеймін. Әріптестерім бұл проблемаға түсіністікпен қарайды деп сенемін», - деді Сенат төрағасы.


Соңғы жаңалықтар