Сенат Тимур Сүлейменовті Ұлттық банк төрағасы қызметіне тағайындауға келісім берді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Сенатының жалпы отырысында жоғарғы палата депутаттары Тимур Сүлейменовті ҚР Ұлттық банкінің төрағасы қызметіне тағайындауға келісім берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атап айтқанда, Конституцияға сәйкес Президенттің Ұлттық банк төрағасын тағайындауына келісім беру Сенаттың ерекше қарауына жатады. Осы орайда Мемлекет басшысы палатаға тиісті ұсыным енгізді.

«Конституцияның 44-бабына сәйкес Президент Парламент Сенатының қарауына Ұлттық банк төрағасы лауазымына Тимур Мұратұлы Сүлейменовтің кандидатурасын ұсынады. Ол төрт жылдан астам Президент Әкімшілігінде әлеуметтік-экономикалық бағытын басқарып, ауқымды экономикалық өзгерістерді жүзеге асыруға белсенді атсалысты. Кезінді Ұлттық экономика министрлігін басқарды, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының мүшесі болды. Ұлттық холдингтерде басшылық лауазымдарда қызмет атқарды. Тимур Мұратұлы қаржы және экономикалық бағыттарда, оның ішінде Ұлттық банк төрағасының орынбасары лауазымында үлкен жұмыс тәжірибесі бар. Сондықтан қаржылық реттеушінің қызметін, оның міндеттері мен сын-қатерлерді анық біледі. Оның жеке қасиеттері мен құзыреттілігі Мемлекет басшысы қойып отырған мақсаттарға қол жеткізуге және Ұлттық банктің жұмысын жетілдіруге мүмкіндік береді деп сенімдіміз. Ұлттық банк төрағасы лауазымына Тимур Сүлейменовтің кандидатурасын қолдауды сұраймыз», - деді Президент Әкімшілігінің Басшысы Олжас Бектенов.

Сенат отырысы барасында палата депутаттары аталған кандидатураны қолдады.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының Жарлығымен Ғалымжан Олжаұлы Пірматов Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің төрағасы лауазымынан босатылды.

Өткен аптада Мемлекет басшысының Жарлығымен Президент Әкімшілігінде басқару құрылымының өзгеруіне байланысты бірқатар лауазым иесі қызметінен босатылды болатын.

Тимур Мұратұлы Сүлейменов Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары лауазымынан босатылған еді.


Соңғы жаңалықтар