Сенат тауарлардың еркін қозғалысына жағдай жасауға негізделген құжатты қабылдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Мемлекетаралық стандарттау жөніндегі құжаттарды тарату туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жобаның мақсаты - Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдер арасында мемлекетаралық стандарттау жөніндегі құжаттарды таратудың бірыңғай қағидаттарын қалыптастыру.

«Біріншіден, стандарттарды таратуға әр елде тек бір ұйым ғана құқылы. Бұл стандарттау жөніндегі ұлттық орган немесе ол уәкілеттік берген ұйым болуы мүмкін. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының кейбір елдерінде стандарттарды таратуға құқылы әртүрлі ұйымдар бар. Бізде бұл мәселе шешілді. Екі жыл бұрын күшіне еңгізілген «Стандарттау туралы» Қазақстан Республикасы Заңы бойынша бұл құқық Қазақстан метрология және стандарттау институтына бекітілді. Екіншіден, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттердің мемлекетаралық стандарттарды рұқсатсыз таратудан қорғауды заңнамалық деңгейде қамтамасыз ету. Біздің ұлттық заңнамамыз мұндай фактілерді анықтау іс-шараларын қарастырмайды. Осыған байланысты, біз стандарттарды рұқсатсыз таратқаны үшін әкімшілік айыппұл енгізу бойынша өз ұсыныстарымызды дайындадық», - деді Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов.

Оның айтуынша, ұсыныстар Әкімшілік кодекске өзгерістердің орталықтандырылған пакетін қалыптастыру кезінде есепке алу үшін Әділет министрлігіне жіберілді. Басқа елдерде мұндай тәжірибе бар. Мысалы, Беларусь Республикасында заң бұзушылықтар үшін айыппұлдар қарастырылған, ал мемлекетаралық стандарттарды рұқсатсыз тарату қызметі заңсыз болып саналады.

«Үшіншіден, өзара іс-қимылды үйлестіру Стандарттар жөніндегі бюро арқылы орталықтандырылып жүзеге асырылатын болады. Мұндай тәсіл іске асырылатын мемлекетаралық стандарттарды орталықтандырылған есепке алуды, оларды пайдаланудың заңдылығы мен қажеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған. Бүгінгі таңда Келісімге қол қойған көптеген елдер - Ресей Федерациясы, Беларусь Республикасы, Қырғыз Республикасы, Молдова және Өзбекстан Республикалары мемлекетішілік рәсімдерді аяқтады», - деді министр.

Осы келісімді ратификациялау мынадай мәселелерді шешуді қамтамасыз етеді; м емлекет үшін - мемлекетаралық стандарттарды заңды тарату, оларды осы заманға бейімдеу үшін құқықтық негіз жасайды; бизнес үшін - шығындарды азайтады.

«Жалпы алғанда, Келісімнің қабылдануы тауарлардың еркін қозғалысына және халықаралық сауда желісіне ықпалдасуға жағдай жасайды», - деді Б. Сұлтанов.


Соңғы жаңалықтар