Сенат стандартты үлгілерді дамытатын келісімді ратификациялады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Заттар мен материалдардың құрамы мен қасиеттерінің стандартты үлгілерін жасау және қолдану жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралып, қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заң жобасы бойынша негізгі баяндама жасаған ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрінің атап өтуінше, бұл құжат қазақстандық тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді жеткізушілерге осы келісімге қатысушы елдерге экспорттау кезінде тізілімге енгізілген мемлекеттік стандартты үлгілерді қосымша сынақтарсыз немесе зерттеулерсіз пайдалануға мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл отандық кәсіпкерлерге өз ақшасы мен уақытын үнемдеуге жол ашады.

«Осы келісімді ратификациялау арқылы келісімге қатысушы елдерде сынақтар бойынша қосымша рәсімдер жүргізілместен, Қазақстанда әзірленген стандартты үлгілерді тануға мүмкіндік береді. Яғни, Қазақстан Республикасында стандартты үлгі өндіріліп, сынақтардан және үлгінің типін бекітуден өтсе, келісімге қатысушы басқа елдер, қосымша сынақтарсыз техникалық құжаттаманың сараптама нәтижелерін қосымша сынақтарсыз мойындайды», - деді ол.

Осылайша, оның айтуынша, мемлекетаралық мәртебесі бар осы келісімді ратификациялау, метрология саласындағы өлшеу нәтижелеріне деген сенімді арттырып, өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

«Мемлекетаралық стандартты үлгілер экономиканың түрлі салаларында сұранысқа ие және кеңінен қолданылады. Ұлттық тізілімде 634 стандартты үлгі тіркелген. Оның ішінде, 337 стандартты үлгі Мемлекетаралық стандартты үлгілер тізіліміне енгізді. Осы жылы біздің Стандарттау және метрология институты 163 стандарттық үлгілерді әзірлегенін, олардың Мемлекетаралық стандартты үлгілер тізіліміне енгізілгенін атап өткім келеді», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар