Сенат спорттағы допингке қарсы күрес туралы конвенцияны Мәжіліске қайтарды

None
None
АСТАНА. Қазанның 30-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Спорттағы допингке қарсы күрес туралы халықаралық конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланып, құжатқа өзгеріс енгізілгендіктен заң жобасы Мәжіліске қайтарылды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Спорттағы допингке қарсы күрес туралы халықаралық конвенция БҰҰ-ның Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі бас конференциясының (ЮНЕСКО) 33-ші сессиясында 2005 жылғы қазанның 19-да қабылданған болатын. Конвенцияның басты мақсаты спортта допингті қолдануды болдырмау ісінде және оған қарсы күресте халықаралық ынтымақтастықты дамыту және нығайту болып табылады. Бұл ретте спорттағы допингке қарсы күрес жөніндегі келісілген іс-қимылдарды халықаралық деңгейде жүргізудің құқықтық негіздері қалыптасады.

 «Қазақстанның аталған конвенцияға осы құжатты  ратификациялау жолымен қосылуы ұйғарылған. Конвенцияны қабылдаудың маңыздылығы, әлемдік спорт аренасындағы отандық спортқа тең мүмкіндіктер туғызу мақсатында халықаралық конвенцияға мүше мемлекет болу қажеттігімен түсіндіріледі. Сонымен бірге, Бейжіңде өткен олимпиада ойындарының алдында Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік ЮНЕСКО-ға кіретін барлық мемлекеттерді аталмыш конвенцияға қосылуға шақырған болатын. Бұдан басқа, агенттік бұл конвенцияны ратификацияламаған елдерде 2010 жылдан бастап ірі халықаралық жарыстарды өткізуге рұқсат етілмейді деп мәлімдеме жасаған еді, деді заң жобасы бойынша түсінік берген ҚР Туризм және спорт вице-министрі Қайырбек Өскенбаев. Оның айтуынша, құжатты қабылдаудағы тағы бір маңызды фактор, еліміздегі допингке қарсы ұлттық зертхананы халықаралық аккредиттеу мәселесі болып табылады. «Өйткені, 2008 жылдан бастап Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік осындай зертханаларды аккредиттеуден өткізу үшін мемлекеттер аталған конвенцияны ратификациялау қажет деген ереже енгізген болатын», деді вице-министр. Естеріңізге сала кетейік, Қазақстандағы допингке қарсы зертхана 2002 жылы Үкімет қаулысымен құрылған. Зертхананың негізгі қызметі - допингке қарсы талдаулар жүргізіп, ел спортшыларының тиым салынған заттарды қолданбауына бақылау жасау. Конвенцияға сәйкес оған қатысушы мемлекеттер осы ұйымның жылдық бюджетін тең үлесті қаржыландыру қағидатын басшылыққа ала отырып, Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің қызметін қолдайтын болады. Сонымен бірге, Конвенция аясында Тараптар конференциясы құрылады. Онда әрбір қатысушы мемлекет бір дауысты иеленеді.

Сенат заң жобасын талқылау барысында құжаттағы конвенцияның қабылданған күнін нақтылау бөлігіне өзгеріс енгізді.

Құжат Мәжіліске қайтарылды.

Соңғы жаңалықтар