Сенат Спикері Швейцария Федералды Жиналысы Ұлттық кеңесінің төрағасымен кездесті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаев Швейцария Конфедерациясы Федералды Жиналысы Ұлттық кеңесінің төрағасы Андреас Эбимен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Парламенттің жоғарғы палатасы баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып..

Қазақстан Сенатының Спикері Швейцария делегациясының бұл сапары екі ел ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға тың серпін беретініне сенім білдірді. Сондай-ақ, Швейцария Қазақстанның Еуропадағы маңызды саяси және экономикалық серіктесі екенін атап өтті.

«Келесі жылы біздің елдеріміз арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толады. Осы жылдар ішінде өзара тиімді саяси диалог жолға қойылды. Екіжақты сауда-саттық табысты дамып келеді. Бірлескен инвестициялық жобаларымыз да іске асырылып жатыр. Сондықтан алдағы уақытта да біздің байланысымыз арта түседі деп сенемін», – деді Мәулен Әшімбаев.

Кездесу барысында сауда-экономикалық және әлеуметтік-гуманитарлық өзара іс-қимыл мәселелері кеңінен талқыланды. Сенат Төрағасы Қазақстан мен Швейцарияның қазіргі жаһандық проблемаларға қатысты ұстанымдары ұқсас екеніне назар аударып, қос мемлекет те өзара іс-қимылды екіжақты форматта ғана емес, көпжақты құрылымдар аясында табысты іске асырып келе жатқанын айтты.

Сонымен қатар Сенат Спикері парламентаралық байланыстарды одан әрі дамыту мен нығайтудың және Қазақстан мен Швейцария Парламенттерінде жұмыс істейтін ынтымақтастық топтарының қызметін жандандырудың маңыздылығын тілге тиек етті.

«Біз Швейцарияның парламентаризм саласындағы тәжірибесіне ерекше мән беріп отырмыз. Елімізде көппартиялықты және пікір алуандығын дамыту жолында нақты істерді қолға алдық. Бұл ұзақ мерзімді дамуды көздейтін саяси жүйенің тұрақтылығы үшін маңызды», – деді Сенат Спикері.

Одан бөлек, Мәулен Әшімбаев Қазақстан Парламенті Сенатының қызметіне, оның ішінде Мемлекет басшысының саяси жүйені демократияландыруға арналған реформалары мен бастамаларын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету ісіне тоқталып өтті. Сұхбат кезінде өңіраралық өзара іс-қимыл перспективалары мен Қазақстанның коронавирустың таралуына қарсы қабылдаған шаралары да сөз болды.


Соңғы жаңалықтар