Сенат Спикері Қытай Халықтық саяси консультативтік кеңесі Бүкілқытайлық комитетінің төрағасымен кездесті
Мәулен Әшімбаев ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылы Қытайға жасаған сапарына назар аударды. Ол өз сөзінде сол сапар кезінде мемлекет басшылары Қазақстан мен Қытай мәңгілік, стратегиялық және жан-жақты серіктестікті дамытуға бейілді екенін растайтын Бірлескен мәлімдемеге қол қойғанын айтты.
«Біздің елдеріміздің мемлекет басшылары қол жеткізген уағдаластықтарды іске асыру барысында Қазақстан Парламентінің Сенаты мен Қытайдың Халықтық саяси консультативтік кеңесі арасындағы ынтымақтастықтың маңызы зор. Бұл біздің алдағы өзара іс-қимылымыздың негізі болуға тиіс. Біз екіжақты өзара тиімді ынтымақтастықтың түрлі бағыттары бойынша бірлескен жұмысқа дайынбыз», – деді Сенат Спикері.
Сонымен қатар, ол Парламент Сенаты қытайлық әріптестерімен екіжақты шешімдерді сараптамалық тұрғыдан қолдау, заңдардың орындалуын бақылау, сондай-ақ қоғамдық келісімді нығайту және дінаралық диалогты ілгерілету саласында тәжірибе алмасуға дайын екенін тілге тиек етті.
Сенат Төрағасы Мемлекет басшысының бастамасымен Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси реформаларға да тоқталып өтті. Атап айтқанда, кездесуде Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі алдағы республикалық референдум және оған дайындық барысы туралы сөз болды.