Сенат сотталған әйелдерге қатысты заңнамаға түзету енгізді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «ҚР Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстеріне қылмыстық сот төрелігі, жазаны орындау және азаптау мен қатыгез әрекеттердің алдын алу саласындағы адам құқықтары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» құжат қаралды. Сенат депутаттары жаңа нормаларды концептуалды тұрғыда қолдай отырып, заң жобасына бірқатар түзету енгізіп, оны толықтырулармен қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құжатқа енгізілген түзетулер Мемлекет басшысының Жолдаулары кезінде берілген тапсырмаларды іске асыруға, Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерінің нормаларын жетілдіруге арналған. Сенат енгізген 45 түзетудің қатарында азаптағаны үшін жауапкершілікті күшейтуге, қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетін қорлайтын қарым-қатынас үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізуге, отбасындағы зорлық-зомбылық және тағы басқа да мәселелерге қатысты нормалар бар.

Құжатты талқылау кезінде ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов түрмеде баламен отырған әйелдерге қатысты заңға өзгеріс енгізілетінін айтты.

«Қылмыстық-атқару кодексінде сотталған әйелдердің балаларымен үш жасқа толғанға дейін колонияларда болуы көзделген (ҚАК 116-бабы).

Елімізде осындай 1 колония бар. Бүлдіршіндер Балалар үйіне орналастырылады. Әйелдер балаларын шектеусіз, жұмыстан бос уақытта көре алады. Алайда үш жасқа толғаннан кейін, балалар жақын туыстарына немесе балалар үйлеріне беріледі. Осы орайда әлеуметтік байланыстарды сақтау мақсатында сотталған әйелдерге баласын 4 жасқа дейінгі қалдыруға мүмкіндік беретін норма ескерілген. Бірақ мұның бір шарты бар, яғни әйел адамның босатылуына дейін бір жылдан аз уақыт қалуы тиіс», - деді министр.

Өз кезегінде Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев аталған заңға қатысты пікір білдірді.

«Президент адам құқықтары және заң үстемдігі бойынша қабылдануы қажет шараларды айқындап берді. Бүгін қабылданған заң адамның қылмыстық сот төрелігі, жазаны атқару және азаптаулар мен қатыгез іс-әрекеттердің алдын алу саласындағы құқықтарын күшейтуге арналған. Оның ішінде ауыр сырқатқа шалдыққандардың, кішкентай баласы бар аналардың, алғаш рет сотталғандардың құқықтырын қамтамасыз ету мәселелері қамтылған. Алдағы уақытта заң адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге оң әсерін тигізеді деп сенеміз», – деді М. Әшімбаев.


Соңғы жаңалықтар