Сенат шекаралық бақылауға тек екі мемлекеттік органды қалдыруға бағытталған жобаны талқылады

None
None
АСТАНА. Қазанның 1-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының Кеден кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екі оқылымда талқылады.

Құжатқа бірқатар өзгерістер енгізілгендіктен заң жобасы Парламент Мәжілісіне кері қайтарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған заң жобасы еліміздің кеден заңнамысын 1994 жылғы Тарифтер мен сауда жөніндегі бас келісімнің 7-бабын қолдану жөніндегі келісімнің негізгі ережелеріне сәйкес келтіру мақсатында әзірленген. Мәселен, құжатпен кеден заңнамасына кедендік құнды айқындау, кедендік шекара арқылы тауарлар мен көлік өткізу кезінде декларант ретінде әрекет ететін тұлғалар тобын ұлғайту бөлігіне ДСҰ-ға  мүше елдердің талаптарына сәйкес келтіретін өзгерістер ұсынылып отыр. «Қазіргі уақытта кедендік өткізу бекеттерінде тиісті кезектілігімен шекаралық, санитарлық, фитосанитарлық, карантиндік, ветеринарлық, көліктік мемлекеттік бақылау жүзеге асырылады. Бұндай мемлекеттік бақылаудың 6 түріне 5 мемлекеттік органның болуы бекеттердегі көліктер мен жүктердің өткізу қабеліттілігін мейлінше қысқартады. Оның үстіне құжаттар тексерілгенде салғырттыққа ұрынып жатады. Осыған байланысты, өткізу бекеттерінде жинақы бақылауды ұйымдастыру ұсынылып отыр», деді заң жобасы бойынша баяндама жасаған Қаржы министрінің орынбасары Әлихан Смайылов. Оның айтуынша, заң жобасына сәйкес, шекаралық өткізу бекеттерінде екі мемлекеттік органды - шекара қызметі мен кедендік бақылау органын ғана қалдыру көзделіп отыр. Бұл ретте кедендік органдардың қызметіне санитарлық, карантиндік , ветеринарлық, фитосанитарлық және көліктік бақылау кіретін болады. Оның ішінде ветеринарлық және фитосанитарлық бақылауды ауыл шаруашылығы министрлігінен шақырылған мамандар кеден органының тікелей басшылығымен жүзеге асыратын болады. «Бұндай ықпалдасқан бақылау халықаралық стандарттарға негізделеді және Дүниежүзілік кеден ұйымы да осыны қолдап отыр», деді Ә. Смайылов.

Парламент Сенаты екі оқылымда заң жобасына бірқатар өзгерістер енгізіп, құжатты Мәжіліске қайтарды.

Соңғы жаңалықтар