Сенат сайлауында Дәурен Әділбеков 94,5 пайыз дауыспен жеңіске жетті - Ақмола облысы

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2017 жылдың  28 маусымында Парламент Сенатының депутаттары сайлауын өткізу белгіленген болатын. 

Осыған орай, бүгін Ақмола облысы мәслихаттары депутаттарының бірлескен отырысы өтіп, мәслихат депутаттарынан құралған таңдаушылар  Парламент Сенатының депутатын сайлады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Мәслихат депутаттарының бірлескен отырысын ашқан облыстық мәслихаттың хатшысы Дулат Нұрмолдин заң бойынша Парламент Сенатының депутаттығына  сайлау  мәслихат депутаттарынан құралған таңдаушылардың құзырына берілгендігін және «Қазақстан Республикасының сайлауы туралы» конституциялық заңының 77 бабына сай, бұл таңдаушылардың бірлескен отырысында өтетінін айтты. Облыс мәслихаттарының  276 депутаты болса, бірлескен отырысқа  271 депутат келген екен. Заң талабына сай, депутаттардың елу пайыздан астамы қатысқан жағдайда ол заңды болып табылмақ.

Бұдан кейін облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әділхан Шаяхметов сөз алып,  депутаттарға дауыс беру тәртібін баяндап берді. Сайлау бюллетені арқылы таңдаушылар өзі қалаған үміткердің тегінің тұсына белгі қояды. Бір таңдаушы бір дауыс бере алады және жарамсыз болып қалған бюллетеннің орнына екіншісі берілмейді.

Айта кетелік,  биылғы Парламент Сенатының депутаты сайлауына облысымыздан екі үміткер: Дәурен Әділбеков пен Дамир Досхожин қатысқан еді. Сайлауға дауыс беретін таңдаушы ретінде қатысқан мәслихат депутаттарынан бөлек, үміткерлердің сенім білдірген өкілдері және бақылаушылар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Айта кетерлігі, бақылаушылардың арасында облысымызда тіркелген түрлі саяси партиялардың  өкілдерімен бірге, шетелдік бақылаушылар да болды.

Дауыс берудің алдын ала шығарылған қорытындысына сай, депутаттықтан  үміткер Дәурен Әділбековке барлық таңдаушылардың 94,5 пайызы дауыс берсе, Дамир Досхожинге  5,5 пайызы өз дауыстарын берді.

Соңғы жаңалықтар