Сенат өзіндік ерекшелігі бар тауарлармен байланысты құжатты Мәжіліске қайтарды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Өзіндік ерекшелігі бар тауарларды бақылау туралы» заң жобасын және ілеспе құжат қаралды. Осы орайда оларға түзетулер енгізілгендіктен заң жобалары Мәжіліске қайтарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сенатор Қайрат Қожамжаровтың айтуынша, заң жобасының мақсаты – ұлттық қауіпсіздік пен қорғаныс қабылетін қамтамасыз ету, халықаралық міндеттемелерді орындай отырып, «өзіндік ерекшелігі бар тауарларды» бақылаудың халықаралық режимдеріне сәйкестендіру. Сондай-ақ қосарланған және әскери мақсаттағы тауарлар саласында қызмет көрсетудің ұлттық жүйесін жетілдіруге бағытталған.

Атап айтқанда, заң жобалары елдің заңнамасына қосарлы әрі әскери мақсаттағы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің экспорты кезіндегі тәуекелдерді бағалау критерийлерін және осы саладағы өзге де ерекшеліктерді енгізуді қарастырады. Бұл нормалар нақты тауарларды бақылаудың және осы тәуекелдерді жоюдың тиімді тетігін құруды көздейді.

Одан бөлек, заң жобаларында мемлекеттік органдардың құзыретін нақтылау, мемлекеттік органдармен және ұйымдармен ақпараттық өзара іс-қимыл жасау тәртібі, заңнаманы және басқа да нормаларды бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейту туралы ережелер де бар.

«Мәжіліс мақұлдаған заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет. Басты заң жобасы бойынша өзіндік ерекшелігі бар тауарларға кедендік бақылауды Мемлекеттік шекара периметрінде орнату, шет мемлекеттер немесе ұйымдарына тиесілі әскери мақсаттағы тауарларды шығару мерзімін енгізу, Үкіметтің шектеуге бағытталған құзыретін нақтылау ескерілген», - деді Қайрат Қожамжаров.

Сонымен қатар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзіндік ерекшелігі бар тауарларды бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасын екінші оқылымда қарау барысында «112» Бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметін құруға байланысты мәселелер бөлігінде түзетулер енгізу ұсынылды.

Сенат депутаттары заң жобаларында белгіленген жаңашылдықтарды концептуалды түрде қолдай отырып, оларға өз толықтыруларын енгізді. Соған байланысты заң жобаларын Мәжіліске жіберу туралы шешім қабылдады.


Соңғы жаңалықтар