Сенат отбасы үлгісіндегі балалар ауылдары және жасөспірімдер үйлері мәселелері жөніндегі жобаны Мәжіліске қайтарды

None
None
АСТАНА. Қыркүйектің 9-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне отбасы үлгісіндегі балалар ауылдары және жасөспірімдер үйлері мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар туралы» ҚР заң жобасын талқылап, құжатқа бірқатар өзгерістер енгізілгендіктен Мәжіліске қайтарды.

Заң жобасының негізгі мақсаты жетім балаларға және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілері мен түлектерінің әлеуметтік бейімделуден өтуі, сондай-ақ олардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуы мәселелерін жетілдіру болып табылады. «Жобаны талқылау барысында отбасы үлгісіндегі балалар ауылының жұмыс ерекшеліктерін жақсы меңгерген осындай ұйымдардың өкілдерінен тәрбиеші аналарды жұмысқа қабылдау кезінде жасына және біліміне қатысты шектеулерді алып тастау туралы нақты ұсыныстар түсті. Бұған қатысты біз республикамызда жұмыс істейтін балалар ауылдарының әлеуеттік құрамын зерттеген болатынбыз. Халықаралық тәжірибелерге сүйенсек, ТМД елдерінде, оның ішінде Беларус пен Ресейде тәрбиеші аналардың орташа жасы 26-дан 48 жасқа дейін болса, Австрия, Польша, Венгрия секілді елдерде бұндай тәрбиешілердің орташа жасы 24-46 аралығында. Сондықтан да, қолданыстағы заңнамадан мұндай шектеулерді алып тастауды жөн көрдік. Бұл кадрлардың жетіспеушілігі мәселесін шешуге ықпал ететін болады», деді жиын барысында баяндама жасаған ҚР Білім және ғылым вице-министрі Махметғали Сарыбеков. Оның айтуынша, қазіргі уақытта елімізде 610 бала тәрбиеленіп отырған отбасы үлгісіндегі 10 балалар ауылы бар екен. Оның 7-еуі мемлекеттік болса, 3-еуі қорлар арқылы қаржыландырылады. Сонымен қатар 27 жасөспірімдер үйлерінде балалар үйлерінің 1300-ден астам бітірушілері тұрып жатыр.

Заң жобасына Сенат депутаттары бірқатар өзгерістер енгізді. Бұлардың басым көпшілігі редакциялық нақтылау сипатында болып табылады.

Соңғы жаңалықтар