Сенат облыстарды дамыту стратегиялары бойынша парламенттік тыңдаулар өткізбек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Сенаты 2020 жылдан бастап облыстарды дамыту стратегиялары бойынша парламенттік тыңдаулар өткізуді жоспарлап отыр.

Бұл туралы бүгін Қазақстан мәслихаттарының 25 жылдығына арналған республикалық конференцияда ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сенат өзінің конституциялық сипатына сәйкес еліміздің өңірлерімен, облыстық мәслихаттармен тікелей, тығыз байланыста. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қуатты аймақтар - қуатты Қазақстан» - дегенді айтты. Бұл біздің ортақ міндетіміз - тұрақты қарым-қатынасты нығайту екенін білдіреді. Сенаттың жанынан Жергілікті өкілді органдармен өзара әрекеттесу үшін құрылған Кеңес осы бағытта жұмыс істеуі керек», - деді Сенат төрағасы.

Сонымен қатар, Дариға Нұрсұлтанқызы келесі жылдан бастап облыстарды дамыту стратегиялары бойынша, Сенатта мәслихат депутаттары мен Үкімет өкілдерінің қатысуымен парламенттік тыңдаулар өткізу тәжірибесін енгізгелі жатқандығын айтты.

«Сондай-ақ, мен барлық әріптестеріме Парламент Сенатында бірыңғай веб-портал іске қосылғаны туралы хабарлағым келеді. Онда Жоғарғы Палатаның депутаттары мен барлық деңгейдегі өкілді органдар тіркелген. Біз бұл порталды онлайн режимдегі қызметтік байланыс құралы, депутаттар арасындағы тұрақты тілдесу алаңы деп білеміз. Сіздерден сындарлы сұхбат пен нәтижелі ақпарат, белсенді қатысуды күтеміз», - деді Сенат төрағасы.

Дариға Назарбаева сөз сөйлеп болғаннан кейін бірқатар өңірдің мәслихат депутаттарына ҚР Парламенті Сенатының Алғыс хаттарын табыс етті.

Соңғы жаңалықтар