Сенат нормашығармашылықты жетілдіретін заңды қабылдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне нормашығармашылықты жетілдіру мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құжат бойынша негізгі баяндама жасаған Әділет министрі Марат Бекетаевтың айтуынша, заң жобасы заңдарды әзірлеу, олар бойынша қоғамдық талқылаулар өткізу және заңдарды қабылдау рәсімдерін жетілдіру мақсатында әзірленді.

«Заң жобасында мынадай негізгі ережелер көзделеді. Бірінші - «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес келетін заң шығару қызметінің жаңа кезеңдерін енгізу. Атап айтқанда, әзірлеуші органдар реттеушілік саясаттың консультативтік құжатын әзірлейді. Бұл құжатта проблемалар мен ықтимал шешімдер көрсетіледі. Ол мүдделері қозғалатын мақсатты топтармен талқыланатын болады. Талқылау қорытындысы бойынша заң жобасының тұжырымдамасы жасалады. Бұл нақты ұсыныстары көрсетілген реттеуші органның ресми мәлімдемесі», - деді ол.

Министрдің атап өтуінше, екіншіден заң жобаларын қоғамдық талқылау тәсілдерін кеңейту көзделеді.

Азаматтарды жаңа реттеуге алдын ала дайындау мақсатында әрбір заң жобасы мен қабылданған заң ақпараттық түсіндіру бағдарламасымен сүйемелденетін болады.

«Үшінші- заң жобаларының ғылыми құқықтық сараптамасының сапасын арттыру. Бір ұйымның ғылыми ресурстарымен шектелмей, осы жұмысқа тиісті білімі бар елдегі барлық ғылыми сарапшыларды тарту, бұл жұмысты үйлестіруді Заңнама және құқықтық ақпарат институтына жүктеу ұсынылады. Төртінші - азаматтар мен бизнеске қосымша міндеттер жүктейтін нормаларға қатысты «өтпелі кезең» тәжірибесін заңнамалық деңгейде белгілеу. Жаңа міндеттерді белгілейтін нормалар халық пен бизнестің дайын болуына қарай, қабылданған күнінен бастап 60 күндік мерзімнен ерте енгізілмейтін болады», - деді ол.

Оның атап өтуінше, бесіншіден қабылданған заңдардың тиімділігін бағалау жүргізіледі.

«Заңдар қабылданғаннан кейін, олардың тиімділігін бағалау міндеті ұсынылып отыр. Бұл міндет заңды әзірлеген мемлекеттік органдарға жүктелетін болады. Қабылданған заңның тиімділігін бағалау үшін, әзірлеуші орган жаңа реттеудің салыстырмалы нәтижелері көрсетілген есепті дайындайды. Бұл есеп құқықтық мониторинг аясында қолданылатын болады, сондай-ақ, Парламенттік тыңдауда немесе Үкімет сағатында талқылануы мүмкін»,- деді Марат Бекетаев.


Соңғы жаңалықтар